ӘлеуметЖаңалықтар

КҮЗ ОРТАСЫНАН АУДЫ. ҚЫСТЫҢ ҚАМЫ ҚАЛАЙ?

Өңірде мал шаруашылығы жылдан-жылға өркендеп келеді. Ойыл ауданында жемшөпті дайындау жұ¬мыс¬тарының жүйелі ұйымдас-тырылуы, ауыл шаруашылығы техникаларының тиімді пайдаланылуы, шаруалардың еңбекке деген жауапкершілігі мен мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулар – мал шаруашылығын одан әрі дамытуға орасан зор септігін тигізуде. Алайда табысына қарай аталған істің машақаты да аз емес. Жүздеген қойды күнделікті бағудан бастап, малды төлдету, қойды қырқу сияқты айналып келе беретін жұмыстар көп...

Ал, қолындағы азын-аулақ малына азық дайындауда қарапайым тұрғындар малдан алынатын өнім азығына тәуелді екенін ескере бермейді. Бәрі де аз шығынмен мол табысқа кенелгісі келеді. Малдың сырын білетін қазақ «Сиырдың сүті – тілінде» деп бекер айтпаған ғой. Түптеп келгенде алатын өнім беретін жемшөпке тікелей байланысты. Істің мәнін білмейтін көп шаруаның ұтылар тұсы да осы. Басты қателігіміз – қысқа қолға қалатын малға қажетті азықты толық қамтымау. Сосын қыс ортасында шөбі ортая бастаса, күнделікті азығын азайта бастайды. Содан барып арық малға ауру үйір болады. «Бас білетін өгізге «өк» дегеннің өзі өлім» дегендей, ауылдағы шаруаның жайын білетін адамға ақыл айту артық. Бірақ, «қылышын сүйретіп келіп қалған» қыс бейқамдықты көтермейді. Ешкімнің қамына қарамайды. Қара күзде шабылған сарғайған шөптің сапасына сын айту енді ешқандай қисынға сыймайды. Әрине, ештен кеш жақсы.

Қазан қара жаңбырмен басталды. Қазір мизам шуағы мейірімін төгіп тұрғанымен, күздің лебі толық сезілді. Етек-жеңімізді жинайтын уақыт өтіп барады. Әрине, ауданда бір жарым жылдық мал азығы толық дайындалды. Арнайы қор жасақталып, бірнеше шаруа қожалық басшыларымен аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі келісім-шарт жасап, меморандумға отырды. Бірақ, тасымал жұмысы әлі де толық аяқталған жоқ. Содан келіп кейбір отбасылардың малына қажетті азығы әлі де жеткіліксіз. Негізінен Ойыл селосының тұрғындары әлі асығар емес. Бұл ауданның бүкіл көрсеткішін де кері тартып тұр. Әрине, ақпарат малға азық болмайды. Сондықтан, аудан әкімі олардың толық мал азығымен қамтылуын ұдайы назарда ұстап отыр. Ойыл селосы тұрғындарына мал азығының қажеті тағы бір сараланып, талданды. Аптаның әр сенбісінде арнайы шөп жәрмеңкесі де ұйымдастырылып отыр.

«Шөбі көптің малы тоқ» — деген аталарымыз бәрін басынан кешкесін айтты. Біз арқаны кеңге салып жүріп, «қолымызды мезгілінен кеш сермеп» қалмасақ болды.

Биыл облыста егін бітік шығуы да бізге көп көмек болып тұр. Арпаның да бағасы су арзан. Тоннасы 85 мың теңгеден күн құрғатпай келіп жатыр. Сондықтан, ерте қимылдағанның есебі түгел, ұтары көп. Құнарлы азық малға да, дәтке де қуат!

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button