АУДАН ӘКІМІ ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТАРЫНЫҢ ТӨРАҒАЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Ойыл кәсіптік колледжінде аудан әкімі Сәкен Займолдиннің шаруа қожалықтарының төрағаларымен кездесуі өтті. Басқосуда ауданның ауыл шаруашылығы саласында жыл бойы атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер мен саладағы өзекті мәселелер талқыланды.
Кездесу барысында Ойыл аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы А. Алдияр мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Ойыл аудандық филиалының директоры И. Сабиржанов баяндама жасап, жыл ішінде жүзеге асырылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы мәлімет берді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласын дамыту бағытындағы басым міндеттерге тоқталды.
Жиында шаруа қожалықтарының жұмысын жандандыру, ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді талқылау және шаруалардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау мәселелеріне басымдық берілді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып отырған шаруалардың пікірін ескеру мен олардың бастамаларын қолдау да кездесудің маңызды бағыттарының бірі болды.
Кездесу соңында аудан әкімі С. Займолдин шаруа қожалықтарының төрағаларымен ашық диалог өткізіп, еркін пікір алмасуға мүмкіндік жасады. Өз кезегінде шаруалар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Қатысушылар көтерген мәселелер бойынша жауаптар беріліп, ұсыныстар назарға алынды.
Мұндай кездесулер ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді бірлесе талқылауға, шаруалар мен жергілікті атқарушы орган арасындағы байланысты нығайтуға және алдағы жұмыстардың бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ашық пікір алмасу арқылы шаруалардың ұсыныстарын ескеріп, ауданның ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамытуға жол ашады.




