Спорт
Аудан біріншілігі — ақтөбе шаһарына арналды
Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жыл басынан бері спорттың бірнеше түрінен аудан біріншіліктеріне ұйытқы болып келеді.
Олардың біріне тоқталсақ, жасөспірімдер арасында волейболдан өткен аудан біріншілігіне ауданымыздан 9 команда қатысты. Бұл дегенің кезінде волейболдың отаны аталған ойылдықтардың әлі де болса осы спорт түрінен кенже еместігінің жарқын көрінісі. Олай дейтін себебіміз, айтулы додада барлық командалар белсенді ойын көрсетті. Ойын тартысты өтті. Балғындардың қимылы ширақ. Волейболдың ережесін әбден меңгерген. Әр бала өз кезегінде команданың ұпайын еселеуге тырысып-бақты. Бойларында намыстың қаны қайнаған қара домалақтарымыздың спортқа деген құлшыныстары мен жеңіске деген жігерлі ұмтылыстарын ойын алаңындағы әрекеттерінен ақ аңғардық. Аудан біріншілігінде топ жарған жасөспірімдердің жаттықтырушылары облыстық, республикалық додаларда төселген жалынды жас спортшылар. Кейінгі буынды спортқа баулып, алға қарай жетелеп келеді. Дамылсыз дайындық пен тынымсыз төгілген тер осы додадан-ақ өз нәтижесін көрсетті. Тоқтала кетсек, ІІІ орынды Ойыл қазақ орта мектебі командасы иеленсе, ІІ орынды Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебі командасы еншіледі. І орынды Ә.Дербісәлин атындағы Саралжын орта мектебі командасы алып, жеңімпаз атанды. Орын алмаған командалар дайындықсыз келді дегендік емес. Әрине, ойын болғасын сәтсіздіктер болады. Сондықтан барлық жасөспірімдердің болашағынан үлкен үміт күтеміз.
Сонымен қатар жуырда Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде үстел теннисінен аудан біріншілігі өтті. Оған біздің аудандағы мектептерден бірнеше команда қатысты. Сондай-ақ Алға ауданынан да арнайы командалар келіп, бақтарын сынады. Кіші жасөспірімдер арасында өткен доданың деңгейі төмен болмады. Керісінше нағыз теннис ойынының кішкентай үздік ойыншылары көп болды. Нағыз шапшаңдық пен қырағылықты, ептілік пен икемділікті қажет ететін сайыс жоғары дәрежеде өтті. Спорт мектебінің ойын залы жанкүйерлердің шуына толды. Нәтижесінде кіші жасөспірімдер бойынша І орынды қыздардан көптоғайлық А.Шаймерденова алса, ұлдардан алғалық М.Қабылашев ие болды. 2004 – 2006 жылдары туған жасөспірімдер мен қыздар арасындағы тартыста І орын ойылдық Н.Бітімбаева мен А.Хакимге бұйырды.
P.S.
Қазіргі таңда, Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде айтулы аудан біріншіліктерінен бөлек кешкілік уақытта жасөспірімдер арасында қол күрестен қызу сайыс өтуде.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.