Мәдениет

«Әр бала — бір жұлдыз

Өткен аптаның жұма күні Ойыл ауданының психологиялық — педагогикалық түзетім орталығы арнайы маманның көмегін қажет ететін балаларды қоғамнан шеткері қалдырмай, олардың халық алдына еркін шығуына, басқа да адамдармен араласуына жағдай жасау, достық қарым-қатынас орнату, адамгершілікке, татулыққа тәрбиелеу, олардың бойындағы кішкене болсын таланттарын, талаптарын халыққа паш ету мақсатында шағын есеп беру концерттік бағдарламасын ұйымдастырды. Сонымен қатар, көрме ұйымдастырылып, көрмеде оқытушы мамандардың қолданатын құралдарымен қатар оқушылардың өз қолдарымен жасаған көркем дүниелері де халық назарына ұсынылды.
2013 жылы ашылған бұл орталықта қазіргі таңда 62 бала тәрбиеленіп жатыр. Оның ішінде 28 бала ауылдық жерден келсе, 34 бала аудан орталығының тұрғындары. Барлық бала дарынды және жеке тұлға. Олар да толыққанды білім алуға, дамуға құқылы. Ал мамандардың уақытылы берілген сапалы көмегімен олардың өмірі жақсы жаққа қарай бет бұруы әбден мүмкін. Бұл әсіресе арнайы маманның көмегін қажет ететін балалар үшін өте маңызды. Мұндай бала тәрбиелеп отырған отбасы өз мәселелерінің құрсауында қалып қоюуы мүмкін. Осы орайда оларға алға ұмтылуға жол ашатын, үміт отын жағатын, көмек қолын созатын осы орталық. Мұндай жағдайда ата-аналарға психологиялық көмек ауадай қажет. Бұл орталықта арнайы балалар үшін дефектолог, психолог, логопед, әлеуметтік педагог, саз мұғалімі және емдік дене шынықтыру нұсқаушысы сияқты мамандар жұмыс жасап жатыр. Балалардың тілінің дамуы саусақтарының қозғалуына байланысты деген тұжырымға сүйенсек, қазіргі таңда бұл орталықта аптасына екі рет өткізіліп отыратын қолдың ұсақ моторикасын дамыту жаттығулары балалардың жан-жақты дамуына да үлкен септігін тигізбек. Бұл орталық осы уақытқа дейін бірнеше баланың қоғамға сіңісіп, қатарға қосылуына ықпал еткен болса, алдағы уақытта да осы үрдіс жалғасын таба береді деген сенімдеміз.

P.S.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы мәдениет және демалыс орталығының жанындағы «Замандас аналар» клубы, Ойыл аудандық білім бөлімі, аудандық жастар ресурстық орталығы, сонымен қатар ауданымыздың белді азаматтары демеушілік көрсетті.
8 бүлдіршінді туған күнімен құттықтап, «Туған күніңмен, балақай!» ойын-сауық бағдарламасын ұсынып, сыйлықтар табыстады.
Салтанат КЕҢЕСАРЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар