Басты тақырыпМәдениетРухани жаңғыру
ТАЗАЛЫҚ ТАБАЛДЫРЫҚТАН БАСТАЛАДЫ
Аудан ортақ үйіміз болғандықтан, оның көшелерінің таза болуы бұл әрбір тұрғынның жан-дүниесінің айнасы іспеттес саналады. Сондықтан жыл сайын көктемгі және күзгі мезгілдерде аудан көлемінде тазалық айлығы жарияланып, аудан тұрғындары сенбілік шараларына белсене атсалысуда. «Тазалық табалдырықтан басталады» деген ұғымды әкеміз бен анамыз қаршадайымыздан-ақ санамызға сіңірген халықпыз десек артық айтқанды болмас. Өйткені күнделікті есіктің алдынан бастап қора-қопсыны тазалау, қоқыстарды тиісті орындарға шығару, реттеу жұмыстары әдетімізге айналғаны белгілі. Қазір күзгі тазалық айлығына ауылдық округтер мен елді мекендер белсене кірісті. Әр тұрғын үйлерінің сырттарын әктеп, қоршауларын түзетсе, мекеме қызметкерлері де бұл үрдістен тыс қалған емес. Тазалық акциясына аудандық аурухана ұжымы да қызу үлестерін қосып жүр. Аурухана түрлі дертке шалдыққан науқастарды емдейтін орын болғандықтан оны таза ұстау күн тәртібіне бекітілген. Әйтсе де күз кіргелі талдар қурап, жапырақтары жайрап жатары бізге мәлім бейне. Сонымен қатар қураған шөптер, жапыраған айырылып сұстиып қалған талдар, жаз бойы күннің көзіне түрі өңіп кеткен қоршауларда сырт көзге ерсі көрінері анық. Осындай тазалық жұмыстарына бірлесіп, жұмыла кіріскен аудандық аурухана ұжымы апта сайын сенбілік жұмыстарын жүргізуде. Бірі егілген көшеттерді түптеп, ағаштарды әктесе, енді бірі қоршауларды сырлау жұмыстарын жандандырып, жан-жақтың таза болуына атсалысып келеді.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.