Әлеумет
Жастар табиғат аясында бас қосты
Өткен аптада аудан жастары Қаратал ауылдық округіне қарасты Сарқырауық табиғаты аясында бас қосты. Тұңғыш Президентіміз жариялаған «Жастар жылы» аясында өткен шараға қараталдықтар ұйытқы болды. Түс ауа басталған шараға әр ауылдық округтен арнайы делегаттар келіп, бір қапталы Барқын құмымен қабысып, бір қапталы Ойыл өзенімен ұштасқан тұмса табиғаттың таңғажайыптарын тамашалады. Аудан әкімі Дастан Сағыров пен бірқатар мекеме басшылары аталған шараға арнайы қатысып жалынды жастармен еркін тілдесіп, ашық сұхбат құрды. Айнаш Дінжанова бастаған белсенді жастар «Барқын» орманынан демалыс орталықтарын салу сынды ұсыныс-сауалдарын қойды. Дәл осы сұхбат үстінде Ойыл жастары өнерлі, белсенді, білімді, мәдениетті деп баға берген аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы алдағы уақытта осы Қаратал бағытында арнайы демалыс, сауықтыру орталықтарын салу жоспарда барын жасырмай айтып берді. Сонымен бірге жастарға арналып аудан орталығынан арнайы ғимарат пен 25 метрлік хауызы бар спорт кешені салынатындығын да атап өтті. Ал, ауыл әкімі Әділбек Ізбасов әр ауылдық округтен келген белсенді жастарға шексіз алғысын білдіре отырып, арнайы алғыс хаттарын табыстады. Сонымен бірге тоқтала кетсек, жұмыссыз болғанымен айтулы шараға жанашырлық танытып, атсалысып жүрген қараталдық жастар, Толқын Ахметова аудан әкіміне оның өз қолымен салған суретін тарту етсе, Мира Сәндіғалиеваның таза патриот, белсенді екенін аңғардық. Табиғатта серуендеп, таза ауада еркін демалыс өткізген жастар жағажай волейболын ойнап, өзара арқан тартысты. Шара соңында барша жастар арман-тілектері жазылған «Тілек шарлар» әуеге ұшырды.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Қаратал-Ойыл.