Әлеумет

Ақторқаның өнері анасын алғысқа бөледі

Қазіргі қазақ қоғамында өнердің көшін өрге тартып жүргендер жетерлік. Шынын айтсақ, әннен гөрі әнші көп. «Әу демейтін қазақ жоқ» демекке әбден салынып кеттік-ау шамасы. «Ұялғаннан қыз болдым», - деп әнді айта салу мен «Құлақтан кіріп бойды алар» әнді шебер орындау дегенді шатастырып алдық. Соның салдарынан таза таланттарымыз тасада қалып жатқандай. Алайда ақпараттық технология дамыған заманда талай-талай таланттарымызды танып келеміз.

«Өнерге әркімнің де бар таласы», — деп ұлы Абай ақын бекерге айтпаған. Сондықтан нағыз талантты таңдау, өнерсүйер қауымның қолында. Осындай таңдауға лайық күміс көмей, жез таңдай қыздарымыздың бірі Ақторқа Бақтыбаева. Төрт жарым жасынан мектеп табалдырығын аттаған Ақторқаның ән айтуға деген қабілетін алғашқы ұстазы Разия Қойбағарова байқаған. Алғашқы өнер жолын аудандық «Әнші балапан» ән байқауынан бастады. Одан кейін «Балдәурен 2009» байқауынан бірінші орын алған Ақторқаны анасы Айгүл алға қарай жетелеп, өнер айдынында талантын ашуға барын салды. Ақторқаның бала кезінен осындай жетістікке жетуге шыңдаған ұстазы Шыңғали Аймұханов болатын. Ақторқа одан бөлек, аудандық, облыстық, республикалық тіпті халықаралық ән байқауларынан да талай рет топ жарды. Көптеген мәдени көпшілік шаралардың басы-қасынан табылып, өнерсүйер қауымды әуезді ән шырқаумен қатар бишілік өнерімен де тәнті етті. Осылайша кішкене кезінен ән айтуға жақын болып өскен Ақторқа мектеп бітіре салысымен өнер жолына қанат қақты. Қазіргі таңда Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Музыкалық білім» мамандығының екінші курсында оқиды. Өнер жолын қуып, арда өнердің ақ шыңына ұмтылған әнші қызымыз мұнда да белсенді оқушылардың қатарынан көрінді. Жуырда ғана Ақтөбе қаласы әкімінің білім грантына ие болды. Ақторқаның мұндай сый алуына оның өнерін бағалап, белсенділігін ескерген оқу орны ұсынған. Есімізге түсірсек, екі апта бұрын ауданымызға арнайы келген «Жұбанов керуені» Ақторқаның университет қабырғасында белсенділік танытып жүргені үшін ата-анасына арнайы алғыс хат берген еді. Оның анасының айтуынша Ақторқа үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ендеше бізде Ақторқа ән көгінде бұлбұлдай сайрап жүре беруіне ақ тілегімізді білдіреміз.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар