ӘкімдікБасты тақырыпРухани жаңғыру

Бастамалар болашаққа бастайды.

Мемлекетіміздің өркениетті дәуірде дамыған әлем елдеріне ілесіп, жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін көреген көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік таңында бірнеше Жолдаулары мен Үндеулерін, бағдарламалық мақалаларын жариялап, сарабдал саясатын жүзеге асырып келеді. Еліміз еңсесін тіктеп, елу елдің қатарына қамданып жатқан тұста, Елбасымыз елдің әл-ауқатын әлде де көтере түсуін ойлап, әлеуметтік 5 бастамасын жолдады.

Аталған бастамаларды халыққа кеңірек түсіндіру мақсатында өткен бейсенбіде Ақтөбе облысынан ақпараттық-насихаттық топ ауданымызға арнайы келді. Көптоғай, Қараой ауылдық округтерінде болып, ауыл тұрғындарымен кездесті.

Онда алдымен аудандық мәслихат хатшысы Берік Бисекенов тұрғындарды ақпараттық-насихаттық топтың мүшелерімен таныстырып, қандай да бір ой-сауалдарын ортаға салып отыруға ұсыныс жасады. Одан кейін, Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұл  Әлеуметтік бес бастама аясында облыс орталығында атқарылып жатқан жобаларға тоқталып, баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктері бойынша толыққанды ақпарат берді. Келесі кезекте «Болашағымыз жарқын болуы үшін жастардың білімге деген құштарлығын арттыру керек» — деген Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, PHD докторы Тілектес Тоқсанбаева білім беру ісіне көбірек тоқталды. Сондай-ақ, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген Әл-Фараби ғалымның хатынан мысал келтіріп, тәрбиелі, білімді ұрпақ өсіріп, ауыз біршілікпен «тонның ішкі бауындай» бірлесіп қызмет ету керектігін ашық айтты. Одан кейін өңіріміздің қоғамдық-саяси ісіне араласып жүрген ауған соғысының ардагері, Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Ер-Бақыт» спорттық-патриоттық клубы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Қойлыбаев қарулы сөздерімен жігерімізді қайрап, рухымызды көтеріп тастады. Елбасымен кездескен сәтімен бөлісіп, барша тұрғындарды Тәуелсіздің тұғырын нығайту жолында тосылмай тер төгуге, бірлікке шақырды. Әрі қарай, «Бойында намысы, білегінде күші, жүрегінде иманы бар, білімді ұл-қыз тәрбиелеу басты міндетіміз. Қазақтың әр баласы бейбіт күннің батырлары деген атқа лайық өмір сүруі тиіс» — деген салмақты, салиқалы сөздерімен ойын  түйіндеді. Тұрғындар сауалына тоқталсақ, Көптоғайда өткен кездесуде кейінгі буынның жаңадан шығып жатқан техникалардың тілін түсінетін мамандықтар оқып, уақыт ағымына ілесу керектігін жеткізген еңбек ардагері Ермек Ниязов малшылар мен ауыл шаруашылық техникаларын тізгіндеп жүрген адамдардың зейнеткерлікке шығу жасын азайтылса деген ұсыныс айтып, аудандық мәслихат хатшысы Берік Төлеуұлына ауылға газ тарту жұмысына жоғары жақтардан қаражат сұрауға өтініш жасады. Қараойдағы кездесуде еңбек ардагері Амангелді Темірмұқанов цифрландыру жүйесінің тиімділігін сұрап, тұрғындармен ашық-жарқын тілдескен ақпараттық-насихаттық топ мүшелеріне алғысын білдірді. Ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың ақ таңында өмір сүріп жатқандарына тәубе еткен ауыл тұрғындары жол, газ мәселелерінің алдағы күндерде шешімін табатынына титтейде күмән келтірмеді. Тек ел іші тыныш болуын тіледі. Әрине дүниеге шыр етіп түскен әр сәбидің өз несібесі бар секілді, әр ауылдың, әр аймақтың да өз ырысы бар. Құт қонған ел қарқынды дами береді. Қалыс қалған тұстарын түзету алдағы күндердің еншісінде. Қос ауылдағы кездесу аудан орталығында жалғасты. Мұнда да маңызды мәселелер айтылып, ақрапаттық-насихаттық топтың түсіндірме жұмыстары әлеуметтік бастамалардың аясында өрбіді. Кездесу соңында Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Ер-Бақыт» спорттық-патриоттық клубы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Айтуғанұлы қарулас досы, ауған соғысының ардагері Абай Тоқмағамбетовты Отан қорғаудағы және жастарға патриоттық тәрбие беру жолындағы ерекше еңбегі үшін Кеңес Одағының батыры, Генерал Сабыр Рақымовтың төсбелгісімен марапаттады.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл-Көптоғай-Қараой-Ойыл.

Басқа жаңалықтар