Денсаулық
«Қызыл ай» қоғамы қысылғанға көмек беруге даяр!
Жуырда Ойыл ауданына Халықаралық Қызыл Ай қоғамы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Нұрлан Үдербай келіп жастармен кездесу өткізді. Жиында Қызыл Ай қоғамының мүмкіндіктері мен ерікті жастарды қатарға қосу туралы айтылды. Ұйымның міндеті - өз жұмысын қайта құру, жаңа мүшелерді өз қатарына қосу, халық арасында медициналық-ағарту жұмыстарын кеңірек ашу болып табылады. Кездесуде қоғам еріктілері вирустан сақтану жолдары туралы арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қызыл Ай қоғамына аз қамтылған көп балалы отбасылар, жалғыз басты аналар, жетімдер, зейнеткерлер көмек алу үшін жүгінеді. Көмек түрлері киім-кешек, азық-түлік түрінде көрсетіледі. Ұйым бұқаралық-сауықтыру, санитарлық-профилактикалық және эпидемияға қарсы жұмыстарды жүргізуде. Денсаулық сақтау органдарының бірінші көмекшісі болып табылады. Елімізде орын алған төтенше жағдайларға алғаш болып көмек қолын созғандардың бірі — Қызыл Ай Қоғамы. Қызыл Ай жаппай ерікті азаматтардан құрылған ұйым. Сондай-ақ, денсаулық сақтау органдарына халықтың денсаулығын сақтауда көмек көрсетеді. Осы орайда ұйым директоры Нұрлан Үдербай Ойыл аудандық аурухана қызметкерлеріне алғысын білдіріп, Қызыл Ай қоғамы атынан арнайы алғыс хат тапсырды. Сонымен қатар, оқушылардың білімге бетбұрысы мен салауатты өмір салтын ұстануда түрлі шараларға қолдау білдіріп жүрген ұйым ауданның білім бөліміне де ерекше алғысын білдірді. Бүгінде елімізде орын алған пандемияға қарсы халықтың сақтық шараларына баса назар аударуға шақырады.
— Бізді халықтың денсаулығы алаңдатады. Әлемді жайлаған вирус елімізге де өз кесірін тигізіп жатыр. Жақынынан айрылып жатқан азаматтар қаншама? Мен Қазақстан халқын жақынына жанашыр болып, крантин талаптарын толық орындауға шықырамын. Сонымен қатар, Қызыл ай қоғамының мүмкіндіктері өте көп екендігін айтқым келеді. Мәселен он жастағы жартылай жетім балаларға 18 жасқа толғанша қор атынан ақшалай көмек беріледі. Үйлері өртке оранған көп балалы отбасыларға үйін қайта тұрғызу үшін арнайы құрал жабдықтармен қамтамасыз ету арқылы көмек береміз. Осы сынды өзге де көмек беру шараларын білу үшін Облыстық Қызыл Ай Қорының филиалына келсеңіздер болады. Осындай ақпараттармен аудан, ауыл халқы көп жағдайда бейхабар болып жатады. Сол үшін ауданнан құрылған қордың ерікті жастарына хабарласуға болатындығын айтқым келеді. Біздің қор әрдайым көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беруге дайын— дейді Нұрлан Үдербай.
Қызыл Ай қоғамы құрылған сәттен бері тұрғындарға азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек жағынан көп көмек көрсетіп келеді. Оның ішінде облыстық филиал тарапынан қыруар шаруа тындырылды. Елімізде, аймақта орын алған төтенше оқиғалар кезінде облыстық қоғам үнсіз қалған емес. Сондай-ақ түрлі қайырымдылық шаралары мен акциялар ұйымдастырылады. Соның бір көрнісі биыл Ақтөбе облысы аумағында карантин режимі енгізілген кезде, Облыстық филиал аурухана қызметкерлеріне көп көмек көрсетті. Сонымен қатар өтініш қалдырған 29 отбасыға 150 мың теңге азық -түлікпен қамтамасыз етті. «The Coco- Cola Fjundaion» қолдауымен Ұлттық сараптама орталығы Ақтөбе филиалына Covid-19 инфекциясы бойынша сараптамаларды алуға 2 500 000 теңге тұратын медициналық құрылғылар соның ішінде реагенттер мен тампоны- зонды табыстаған. Облыстық филиалдың еріктілері осы сынды өзге де көмектерді шалғай ауылдардағы мұқтаж жандарға ұсынуға қашан да дайын екендіктерін, ерікті азаматтардың қатарға қосылып игі істі Қызыл Ай қоғамымен бірлесе атқаруға шақырды.
Венера АСҚАРҚЫЗЫ,
Ойыл селосы.