Әкімдік

Көсембайда да мәселе – малдың өрісі

Дүйсенбі күні халық алдында есеп беру кезегі Қайыңды ауылдық округінің әкімі Ырғызбай Қосдәулетовке де келді. Әкім өткен жылы атқарылған жұмыстарды алдымен Көсембай ауылының тұрғындарына таныстырды.

Көсембайдың басты жаңалығы орталықтандырылған ауыз су құбырының іске қосылуы. Яғни, келіндер құдықтан қауғалап тартып, шелектеп су тасу бейнетінен құтылды (Бұл жұмыстарды ауылдық жерлерде көбіне әйел адамдар атқаратыны жасырын емес). Су құбыры әр үйге кіріп тұр. Сонымен қатар, ауыл ортасына мұнараның қойылып, сапалы ұялы байланыстың іске қосылуы, әсіресе ауылдағы онлайн оқып жатқан студенттерді қуантты. Ауылдағы медициналық пунктке күрделі жөндеу жүргізілді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы Көсембайдың көшелеріне күн сәулесінен қуат алатын шамдар қойылды. Сондай-ақ, облыс әкімінің қолдауымен мал азығын дайындағаны үшін шаруашылықтар субсидия алды. Мұның барлығы мемлекеттік бағдарламалардың жемісі.
Алайда, тұрғындардың күн сәулесінен қуат алатын шамдарға көңілі толмайды. Сондықтан, тұрғындардың талабына орай биыл Көсембайдың көшелеріне диодтық жарық беру шамдарын орнату көзделіп отыр. Ауыл балалары үшін шағын футбол алаңын салу да биылғы жылдың еншісінде. Қазір бұл шаруалардың жобалау-сметалық құжаттарын жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған мәселе негізінен малдың өрісі. Өтесін Айтболатов шаруа қожалықтары ауылға тым жақын орналасқан деп санайды. Соның салдарынан жеке тұрғындардың малының өрісін шаруашылықтардың жылқысы тапап жатыр. Сонымен қатар, көсембайлықтар бұралқы ит пен иесіз мысықтардың қаптап кеткеніне де назар аударуды сұрайды.
Кездесу соңында ауыл әкімі тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берсе, аудан әкімінің орынбасары Аслан Кенжебаев тұрғындар көтерген кейбір мәселелерге кеңірек тоқталды. Ал, аудандық ветеринарлық станция директорының орынбасары Мәлік Жұмабаев тұрғындарға ит-мысықтарды ұстау-бағу тәртіптерін түсіндірді.

С.ХАМЗИН,
Ойыл-Көсембай-Ойыл.

Басқа жаңалықтар