ӘкімдікБасты тақырып
Табиғатты аялауға шақырады!
Өткен сенбіде елді мекендердің аумақтарын көгалдандыру, санитарлық тазалау және абаттандыру іс-шаралар айлығы аясында «Nur Otan» партиясы Ойыл аудандық филиалының бастамасымен «Таза су айдындары» жалпыреспубликалық тазалық акциясы өтті. Ойыл өзені жағалауын қоқыс-қалдықтардан тазарту жұмыстарына мәслихат депутаттары — фракция мүшелері, партия активі және «Jas Otan» жастар қанаты атсалысты. «Nur Otan» партиясы Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркін Жиеналин мен Ойыл аудандық мәслихат хатшысы Сәкен Займолдин бастап шыққан тазалық акциясы кезінде көпірдің сол жағалауынан «Ашықбай» тоғайына дейінгі аралықта өзеннің жағалауы тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Жыл сайын өткізіліп жүрген тазалық акциясы әлі де жалғасын табатын болады. Өйткені өзенге суға шомылуға болмаса, балық аулауға барғандар тұрмыстық қалдықтарын жинап әкетуге бейімделмеген десек артық айтқандық емес. Табиғатты аялау дегеніміз туған жеріңе деген шексіз құрмет емес пе? Құрметті аудан тұрғындары арнасынан алыстап сығырая аққан өзенімізге өгей баланың күйін кештірмейік десек, қоршаған ортамызға қамқорлық танытайық.
P.S. Көздің жасындай Ойыл өзенінің қазіргі тағдыры ен жайлап отырған елдің жасынан жасамысына дейін толғандырып, қайткенде арнадан қашқан суын қайтарамыз деп алаң боп жүргені анық. Осы орайда жасалған тазалық шарасы мәслихат депутаттары- фракция мүшелері, партия активі және «Jas Otan» жастар қанаты Ойыл проблемасына қосқан тамшыдай болса да үлесі деп білеміз.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.