ӘкімдікБасты тақырып

ЖҮЙЕЛІ РЕФОРМАНЫҢ ЖЕМІСІ Ойылдықтардың үмітін үрлеп отыр

КЕШЕ ОЙЫЛ АУДАНЫНА АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ӘКІМІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ ТОҚАЕВТЫҢ БИЫЛҒЫ ЖЫЛҒЫ 1 ҚЫРКҮЙЕК КҮНГІ «ХАЛЫҚ БІРЛІГі ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛІ РЕФОРМАЛАР – ЕЛ ӨРКЕНДЕУІНІҢ БЕРІК НЕГІЗІ» АТТЫ ЖОЛДАУЫН НАСИХАТТАЙТЫН АРНАУЛЫ ТОП КЕЛДІ. ОЛАР АУДАННЫҢ ҮШ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ БЕС АУЫЛЫНДА БОЛЫП, МЕМЛЕКЕТТІК  МАҢЫЗЫ БАР ҚҰЖАТТЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫН ТҮСІНДІРДІ. ЕЛ ДАМУЫН ЕСЕЛЕЙТІН НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН БІРГЕ ТАЛҚЫЛАДЫ.

Топ жетекшісі облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Нұрғиса Көшеров Қайыңды ауылындағы кездесуде Жолдаудағы негізгі міндеттерге тоқталды. Жолдаудың маңыздылығы мен Қазақстанның стратегиялық даму бағыты туралы айтқан топ жетекшісі, жылдың басты құжаты елдің әр азаматының әл-ауқатын жақсарту қамында бірқатар тың әлеуметтік бастамаларды көтергенін, оны бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ел болып жүзеге асыру бәріміздің міндетіміз екенін жеткізді. Мемлекет басшысының жаңа экономикалық саясатының негізгі бағыттары мен Президеттің бес бастамасына кеңірек тоқталды. Ал, топ мүшесі облыстық мәслихаттың депутаты Бақыт Жаншаева бірлігі жарасқан ауылдықтардың қаймағы бұзылмаған бейбіт тірлігіне сызат түсірмеу, ұлттық дәстүрді жаңғырту сияқты ойларын ортаға салып, Жолдаудағы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру бағытындағы облыстағы атқарылып жатқан шараларды жеткізді.
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің оқытушысы Гүлайым Нұрмаганбетова болса, негізінен қазіргі әлемді алаңдатқан санитарлық жағдайға байланысты қауіпті вирустан қорғану жолы – вакцина алу екендігін нақты мысалдармен түсіндірді. Ал, қайыңдылықтардың атынан сөз алған Дархан Өтегенов ауылдың мұң-мұқтажын баяндады. Негізінен ауылдан күре жолға жететін 27 шақырым көтерме жолдың «жырын» жеткізді. Кейбір мәселелерге орай, топ мүшелері нақты жауап берсе, жобалық сметалық құжаты дайын жолдың «жыры» келесі жылы шешімін тапқалы тұрғанын ауыл әкімі Ырғызбай Қосдәулетов айтты.

Жаңа құжаттың негізгі тапсырмалары түсіндірілген дәл осындай келелі кездесу Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округінің орталығы Қаратал ауылында да өтті. Газ құбыры тартылып, көшелеріне асфальт төселіп жатқан ауыл тұрғындардың көңілдері көтеріңкі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын тұрғындарға түсіндіру, үгіт-насихат жұмысын жүргізу мақсатында облыс орталығынан ауданымызға арнайы келген топтың бір легі Саралжын ауылдық округінде және аталған округке қарасты Ақкемер, Тайсойған елді мекендерінде ауыл тұрғындарымен кездесу жиынын өткізді. Онда алдымен аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, орта және шағын бизнеспен айналысамын деушілерге мемлекет тарапынан жоғары қолдауға ие екендігін айтып өтті.
Сондай-ақ ақпараттық-насихаттық топ өкілдерімен таныстырып, олардың ауданға қатысты өрбіткен әңгімесін нақты деректермен толықтырып отырды. Келесі ретте ауыл жоғары да аталған ауыл тұрғындарымен қуана жүздескен «Халықаралық қазақ тілі қоғамы» бірлестігі Ақтөбе филиалының жетекшісі Роман Рахиев мемлекет басшысының Жолдауын қарапайым тілмен түсіндіріп берді. Тарқатып айтсақ, ел басынан өткерген өткен шақтың қиын-қыстау кезеңдерін мысалға келтіріп, бүгінгі күнімізге шүкірлік етіп, тек қана ел үшін қызмет қылуға шақырды. Сондай-ақ мемлекет басшысының саясатын қолдап, оның жасаған жүйелі реформалары мен тапсырмаларын елге деген құрмет деп түсініп, әр міндетті мардымды атқарып, арамызда алауыздық тудырмау керектігін баса айтты. Одан кейін М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің кафедра меңгерушісі Салтанат Тұраққызы «Біздің мәңгілік ел болып қалыптасу жолында баса мән беретін ұстанымыз салауатты өмір салтын сақтауды ешқашан ұмытпауымыз керек. Сондықтан бірінші кезекте адам денсаулығы болғаны маңызды. Қазір біздің қоғамға қарасақ, екпеге қарсы шығып, ереуілдеп, қаңқу сөзге еретіндер жетерлік. Бірақ мен медицина саласының қызметкері ретінде айтарым, екпе бізді жаман індетті жұқтырудан сақтайтын басты қорғаныс. Егер кімде-кім екпе алудан бас тартып жүрсе ол өз денсаулығына неқұрайлы қарайды деген сөз. Ал, медицина қызметкерлері оларды екпе алмадың деп теріс айналмай, тиісінше емдеп жазады. Міне ойлап қарасақ ешбір мемлекет өз халқына қас қылмайды.», — деп әрбір кездесуде ауыл тұрғындарын екпе алуға шақырды. Келесі ретте – «Отбасы банк» Ақтөбе филиалының кеңесшісі Нұршат Қыдырбайқызы мемлекет басшысының Жолдауында әрбір қазақстандық үшін баспаналы болудың оңтайлы жолы қарастырылғандығын мәлімдеп, ол жайында кеңірек түсіндірді. Яғни зейнетақы қорындағы жиналған мөлшерден тыс ақшаны екі жағдайда, баспана алуға және денсаулығына байланысты алуға болады. «Отбасы банкі» арқылы баспаналы болу үшін алдымен баспана құнының 10 пайызын төлеуі тиіс. Міне осындай Жолдауда айтылған жүйелі істермен халыққа қолайлы тұстарын облыстан келген ақпараттық-насихаттық топ өкілдері ауыл тұрғындарына түсінікті етіп жеткізді.
P.S. Қазір ауылдық округтердің тыныс-тіршілігі бұрынғыдай емес. Халықтың көңіл-күйі мен көркейген ауылдың көркі сырт көзге бірден байқалады. Бұрын кезегін күткен сауалдар мен күрмеуі шешілмеген мәселелер жиналыс үстінде бітпей-тұғын. Қазір жағдай мүлде басқа. Саралжын ауылдық округі тұрғындарының тілегі — көгілдір отын. Оны да ауыл жұртшылығы бірауыздан байыппен жеткізді.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ, Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Арнаулы тілшілер.

Басқа жаңалықтар