ӘкімдікБасты тақырып
Көп қуанышқа куә қылған мереке!
Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде 1 желтоқсан - Қ.Р-ның Президенті күніне арналған «Елбасы ел ертеңі» атты мәдени көпшілік шара өтті.
Қазақстанның әлеуметтік, саяси-экономикалық дамудағы табыстары Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Әр қазақтың санасында тәуелсіздік пен Елбасы егіз ұғым. Ол Елбасының еліне сіңірген өлшеусіз ерен еңбегі. Сондықтан да, алдымен көрермендер назарына «Ел үшін туған- Елбасы» бейнебаяны ұсынылды.
Біз Тәуелсіздігімізді алған жылдардан бері еліміздің жаңа тарихындағы маңызды белеске жақындап келеміз. Осы уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды. Одан соң аудан әкімі Асқар Қазыбаев жұртшылықты маңызды мемлекеттік мерекемен құттықтап, бір топ үздіктерге марапаттар тапсырды. «Аққұбай» шаруа қожалығының төрағасы Қази Тайбуринге Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін табыстаса, бірнеше еңбек ардагерінің омырауына Ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері өнеркәсіп одағының «Елеулі еңбегі үшін» медалін тақты.
Сонымен қатар, ауданымыздың құрылғанына 100 жыл толуына орай ауданның көркеюіне үлес қосқан бірқатар еңбек ардагерлері «Ойыл ауданына 100 жыл» мерекелік медалімен наградталды. Ал, Берік-А» шаруа қожалығының төрағасы Амангелді Исмагұловқа Қазақстан фермерлері қауымдастығы төрағасының Құрмет грамотасын табыстады. Сондай-ақ, 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай, Асқар Қайырғалиұлы өз атынан да әр саланың үздіктеріне Алғыс хатын ұсынды.
Осындай мерейлі мереке күні аудан басшысы 16 отбасын зор қуанышқа кенелтті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Ойыл ауданы әкімдігінің 2021 жылғы 14 қыркүйектегі №114 қаулысымен құрылған аудандық тұрғын үй комиссиясы отырысының 2021 жылғы 19 қарашадағы №1 хаттамасы негізінде «Көп балалы отбасы», «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» санатының «Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасы», «1-ші және 2 –ші топтағы мүгедектер», «Толық емес отбасы» топтары бойынша Ойыл ауылындағы жалға берілетін жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйдің кілтін табыстады.