Басты тақырып
Ырыс пен берекенің мерекесі
Ауданымызда ауылшаруашылығы күні биылғы күздің ақырғы айының соңғы жұмасында тойланды. Мерекенің басы әдеттегідей ауылшаруашылық жәрмеңкесімен басталды. Қарашаның қары түсіп, қысқа аяқ басқалы тұрған тұста жәрмеңкеге әкелінген өнімдер тұрғындардың талғамын тапты. Қой, жылқы, сиыр еттері сөрелерден мол табылса, Қараой ауылынан келген қолдың сары майы, үйітілген қаздың еті, тары-талқан мен сүт өнімдері көптің қызығушылығын тудырды. «Кеңес» және «Береке» шаруа қожалықтарының әкелген бұл тағамдары жаңа талапқа сай, таза, әрі сатып алушылардың ыңғайына қарай бейімделген. Жәрмеңкені аралап, ауылшаруашылық өнімдердің түрлерін көрген аудан басшысы мәдениет үйіндегі жиында осы салада жүрген жандарды мерекелерімен құттықтады.
«Құрметті жерлестер! Қай кезде де бейнетті көретін сіздер. Жаздың аптап, ыстығы мен қыстың суығында жүріп, мал өсіріп, егін егіп, бақша салып ауданымыздың ауылшаруашылық саласын дамытып келесіздер. Тары егіп, тәуекелге барып жатқандар да бар. Мұның бәрі еңбекке, қажырлы кәсіпке жатады. Біздің ендігі міндетіміз — ауданымыздың шаруашылығына жаңа технологияларды әкеліп игеру. Сонда ғана бұл саланың жұмысы әрі жеңіл, өнімді болмақ. Осындай мақсатты сіз бен біз болып бірлесе отырып жүзеге асырамыз» — деді.
Соңғы жылдары мал шаруашылығымен қатар егін, бақша салу жұмыстары айтарлықтай көбейді. Бұл аудан көлемі ғана емес сырт жақтарда да тұтынушыларын тауып, өңіріміздің абыройы мен беделін арттырса, біздің жаққа келушілердің де санын көбейтеді. Әсіресе жастардың бұл жұмыстарға белсенділігі қуантады. Аудан әкімі Дастан Сағыров төл мерекеде ауылшаруашылық саласына еңбек сіңірген шаруа қожалық иелерінен бастап қарапайым малшы, механизатор, диқан мен жұмысшыларға құрмет көрсетті. Әрқайсысына алғыс хат пен қомақты сыйлықтарын табыстады. Мерекенің соңында атаулы күнге орай дайындалған концерт болды.
С.НАРЕГЕЕВ,
Ойыл селосы.