ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
ӘКІМ АУДАННЫҢ ҚАРТ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КӨРІСТІ
14 наурыз біздің аудан үшін ерекше күндердің бірі. Қай уақыттан бері екенін ешкім тап басып айта алмайды. Ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған дәстүр бұл сол күні жастардың ауыл үлкендеріне көрісуі.
Бұл ізгі дәстүрді берік ұстанған аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы Ойыл селосындағы жасы тоқсаннан асқан әжелерге көрісті. Аудан басшысы бастаған ел ағалары алдымен Шәйзада апаға сәлем берді.
Совет Үкіметі тұсында ұзақ жыл шаруашылықты басқарған Отар ақсақалдың зайыбы ауыл азаматтарына алғысын жаудырып, батасын берді.
Одан кейін аудан басшысы жасы тоқсан алтыға таяған Ұлмекен әжеге көрісті.
Бүгінде тоғыз баласынан өрген ұрпақтан шөбере-шөпшек сүйіп отырған әже тек құлағының ауырлығы болмаса әлі де тың.
«Қарты бар елдің қазынасы бар» — демекші, сіздердің әрбір бата-тілектерің жастарға рухани азық.
Ортамызда отыра беріңіздер.
Біздерге жыл сайын Сіздермен көрісуге жазсын! – деді аудан әкімі.
«Сыйласаң кәріңді, жарылқаймын бәріңді!» дейді екен. «Ұлық болсаң, кішік бол!», — дегендей, үлкенді сыйлап, көрісіп келіп жатқандарыңа рақмет! – деген әже ақ батасын берді.