ӘлеуметБасты тақырып

Қаңтар ауып барады… Қамын қалай, шаруа?

«ТУҒАН АЙ – ТУРАЛҒАН ЕТПЕН ТЕҢ», - ДЕГЕНДЕЙ-АҚ ҚАҢТАР АЙЫНЫҢ АЯҚТАЛУЫНА КӨП УАҚЫТ ҚАЛМАДЫ. АЛДАҒЫ ОН ЕКІ АЙҒА МАҚСАТЫМЫЗДЫ АЙҚЫНДАП, ЖОСПАРЫМЫЗДЫ БЕКІТТІК. ДЕМЕК, БАРЫС ЖЫЛЫНДА АУДАННЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ-ӘЛЕУМЕТТІК САЛАСЫН ДАМЫТУДА МЕЖЕЛІ ІСТЕР КҮТІП ТҰР. СИЫР ЖЫЛЫНЫҢ СӘТСІЗДІКТЕРІН СОЛ ЖЫЛДА ҚАЛДЫРЫП, БАРЫС ЖЫЛЫНАН КҮТЕР ҮМІТІМІЗ КӨП.

Қазір әне-міне дегенше, қыстың да қақ ортасына келдік. Ауданымыз үшін ауыл шаруашылығы саласының алар орны ерекше. Ауданның тынысы да, ырысы да осы саламен тығыз байланысты. Сондықтан біз аталған сала мамандарымен арнайы тілдесіп, жан-жақты талдау жасадық.
Барыс жылының қысында мал ұстап отырған тұрғындарды мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында 220,7 мың тонна мал азығы дайындалған. Нәтижесінде жоспар толық орындалып, қыстақтарға 115,0 мың тонна, тұрғындарға 105,7 мың тонна тасылып, 2008 аула шөппен толық қамтылды. Ауыл тұрғындарына шөппен қамтамасыз етуге қолдау көрсету мақсатында  аудан орталығында шілде айынан бастап 1 қарашаға дейін әр сенбі сайын жәрмеңкелер өткізілді. Қазіргі таңда жасалған жұмыс пен төгілген тер зая кетпеді. Әзірге шөп іздеп жүргендерді көрмедік. Сала басшысының айтуынша, биылға яғни қыстан мал басын аман алып шығу үшін мал азығы жеткілікті. Әр ауылдық округтерде шаруа қожалықтарында қосымша сақталған шөп қорлары бар.
Биыл қысқа 42 мың 919 бас ірі қара, 134 мың 281 бас қой, ешкі, 15 мың 983 бас жылқы, 82 бас түйе түсіп отыр. Төрт түлігімізде де өсім байқалады. Осы орайда айта кетсек, өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында Саралжын ауылдық округі «Ербазы» шаруа қожалығы 50 милиион теңге инвестиция салып, 70 бас сауын сиырмен тауарлы сүт фермасын ашты. Ойыл ауылдық округінде «Тұлпар» шаруа қожалығы 18 миллион теңге инвестициямен 17 бас аналық жылқымен қымыз өндірді.
Өткен жылғы ауа райының қолайсыз болуына байланысты дәнді дақылдар өнімі өте төмен болды. Жиналған дәннің сапасы төмен болғандықтан тұқым құю мүмкін болмады, сол себепті шаруашылықтар биылғы қажетті тұқымды тұқым шаруашылықтарынан сатып алады. Сол себепті де салада суармалы егіс көлемін арттыруға басым бағыт берілуде.
Қолданыстағы суармалы жер алқабын одан әрі ұлғайту мақсатында өткен жылы 3 шаруа қожалығы «Спарта», «Көбек», «Жұмырбай» жерлерінде 540 га суармалы алқаптың инфрақұрылымын жасақтау жұмыстары аяқталды, ағымдағы жылға шаруа қожалықтары қажетті техникаларын алып, алқапты игеруге дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Сондай-ақ, «Бизнес жол картасы-2025» бағдарламасы аясында «Тәжібай-Агро» ЖШС жоба құны 150 млн. теңгеге 150 га жер учаскесін суландыруға инфрақұрылым жүргізу жобасы мемлекеттік грантқа ұсынылып, оның ішінде 50,0 млн. теңге республикалық бюджеттен қаржыландыруға қолдау көрсетілді. Бүгінгі күнге жоба бойынша 3,2 км электр желісі тартылып, КТП қойылды, КТП-дан насос тұратын жерге дейін 0,4 мм 1100 метрлік  кабель жүргізілді, Насос тұратын жерден  алқапқа дейін диаметрі  250 мм.1083 метр су құбыры тартылған. Шаруашылық 2 бірлік фрегат суару қондырғысына тапсырыс берді. Ағымдағы жылға шаруашылық 75 га алқапқа мал азығы дақылы жоңышқа себуді қолға алмақ.
2022 жылға облыс әкімімен бекітілген егіс құрылымы жоспарына сәйкес, аудан бойынша 500 га алқапқа дәнді дақыл тары себуге оның ішінде 20 га суармалы, 1800 га мал азығы дақылы оның ішінде 500 га бір жылдық, 1300 га көп жылдық екпе шөптер және суармалы дақылдар картоп 100 га, көкөніс 105 га, бақша 50,0 га барлығы аудан бойынша 2555,0 га алқапқа егін егу жоспарланып отыр.
Р.S Биыл қыс қарасып тұр. Осы аптамен қаңтарды да аяқтаймыз. Қар біздің ұғымымызша ертерек түскенімен бұрқ-сарқ еткен боран болған жоқ. Алып бара жатқан аяз да жоқ. Қыс басталғалы сынап бағанасы -20-дан төмен түскен жоқ. Ақпанның бізге қандай «сый» ұсынатыны беймәлім. Наурыздың да біздің өлке үшін кей жылдары нағыз қысқа тән мінезі болады. Былтырғы ақпанның ортасынан бастап ай жарым бойы дамылсыз соққан бораннан сабақ алдық па?..

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар