Денсаулық
Ауылдастарынан алғыс алған Әдемі!
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында баса айтылған «Туған жер» бағдарламасын қолдап, елжанды, жұртын сүйген азаматтар «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауданымызға келіп, өз көмектерін беруде.
Биыл елімізде «Балалар жылы» жариялануына орай, аудан орталығына жерлесіміз, «Дару» реабилитациялық медициналық орталығындағы балалар реабилитациясының меңгерушісі, жоғары санатты балалар невролог дәрігері, нейрореабилитолог Әдемі Демеуова арнайы неврология дертімен ауыратын балаларға тегін бір күндік қабылдау жүргізді. Бір күн ішінде 81 баланы қарап, оның ішінде 14 бала оңалту орталығына, 20 бала тексерілуге, 12 балаға амбулаторлы ем алуға тиісті ем-домдарын тағайындап, 12 балаға психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияға жолдама берді.
«Әр шақырған сайын құрметтеп, құрақ ұшатын жерлестеріме рахмет. Уақыттың тығыздығына байланысты, бір күн болдым. Соның өзінде 80-нен аса бала қабылдауға келді. Қазір балалар арасында неврологиялық диагноз көп. Ерте профилактикалық тексеріс, дер кезінде шара қолданудың нәтижесінде аурудың алдын алуға болады. Ата-аналар баланы оңалту орталығына уақытылы апаруын, үзбей ем алуын тапсырдым. Өз қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Осы орайда еңбегімді бағалап, Алғыс хатпен марапаттаған Ойыл ауданының әкімдігіне, әр келген сайын жылы қарсы алатын Ойыл аудандық орталық аурухана ұжымына, әріптестеріме, халқыма рахмет айтамын.» Ауылдастың аты озсын!» — деп отыратын осы елдің бір тілекші қызымын. Сіздерге амандық тіледім», — деп инстаграм әлеуметтік желісіне жазба қалдырды дәрігер.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.