Әкімдік
ҚАРАОЙДАҒЫ КЕЗДЕСУ КҮРЕ ЖОЛДЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ АЙТЫЛДЫ
2019 жылдан бері әлем елдерін әбігерге салып, адам өміріне қауіп төндіріп, ажал құштырған коронавирус жұқпалы індеті біздің елге де салқынын салды. Індеттің алдын алу, сақтану шаралары көптеп жүргізіліп, шектеулер қойылды. Соның салдарынан бұқара мен биліктің арасындағы кездесулер сейіліп, барлық шаралар онлайн форматта өткізілді. Қазіргі таңда аурудың беті қайтып, билік пен бұқараның арасы қайта жалғанды. Жергілікті билік өкілдері ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігімен, мұң-мұқтаждықтарын тыңдап келеді. Қарапайым халықтың ой-пікірімен санасқан атқамінерлер атқарылған жұмыстар жайында есеп беру үстінде.
Осы орайда өткен жұмада Қараойға арнайы іс-сапармен шыққан аудан әкімі Асқар Қазыбаев алдымен аталған округке қарасты Құбасай елді мекенінде болып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Тұрғындармен кездесу жиынына аудан прокуроры Нұрлыбек Жолаев пен бірқатар мекеме басшылары қатынасты. Кездесу барысында малдың күтімі, ауылдың тазалығы сынды мәселелер қозғалды. Қараойда жол мәселесі қиындық тудырып тұр. Бұл мәселе жөнінде аудан әкімі қазіргі таңда жолды жасауға қаржысы бөлініп жатқанынан хабардар етті. Өз кезегінде тұрғындар тарапынан бірнеше сауалдар қойылып, барлығына толыққанды жауап берілді. Қараойда қауіпсіздік шараларын сақтау, адам өмірі маңызды екенін түсіндіріп, бірлесіп жұмыс жасауға және жеке тұрғындардың малдарын бағуды ұйымдастыру керектігін баса айтты. Сондай-ақ, тазалық айлығына ауызбірлікпен атсалысуға шақырды. Құбасайда «Батыр» шаруа қожалығының төрағасы Жарас Батыров ауыл тұрғындарының жеке малдарын күтусіз, бағылмауына байланысты жеріне мал түсетіндігін жеткізді. Бұл мәселені шешу үшін жеке тұрғындардың малдарына күту ұйымдастыруға село әкіміне тапсырма берілді. Қараойда ауыл тұрғыны Бекберген Ұзақбаев «Мектептің көмірі жылда жылыту маусымының соңына дейін жетпейді, ал, жетпесін іргелес жатқан Сарбие ауылдық округінен аламыз», — деп соның себебін сұрады. Қойылған сауалға жауап берген Қараой мектеп балабақшасының директоры Абзал Майқанов ауа райының салқындауына байланысты көбірек жағып тұрмыз дейді.
Кездесу жиынының соңында аудан әкімі Асқар Қазыбаев пен аудан прокуроры Нұрлыбек Жолаев жеке қабылдау өткізді.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Құбасай-Қараой-Ойыл.