Басты тақырып

ШӨП БАҒАСЫ ШАРЫҚТАМАСА ДЕЙМІЗ!

Біздің ауданда қысқы мал азығын дайындау науқаны шілде айының басынан басталды. Жылда қуаңшылық салдарын мал азығын маусым айынан бастайтын шаруалар биыл асығыстық танытпады. Себебі жауынсыз жылдарда шөптің қурап, құнарын жоғалтпасы үшін мал азығын дайындау науқанына ерте кірісетін-ді. Ал, биыл керісінше көктемгі ылғал мамыр айының соңына дейін жатып, соңы жаңбырмен жалғасты. Соңғы 20 жылда тасымаған көл табандары ақ нөпірге толды. Соның нәтижесінде қырдың да, көлдің де шөбі қалың шықты.

Биыл жалпы аудан бойынша қысқа 218,1 мың тонна шөп қажет. Қазіргі таңда 74 мың тонна шөп шабылып, дайындалған. Нақтырақ айтсақ, 2077 аула болса, әзірше 183 аулаға мал азығы түсіп тұр. Бұл көрсеткіш 8,8 пайызды құрайды. Бүгінде жалпы аудан бойынша шөп шабатын 76 бригада бар. Олар 99 трактор, 91 тіркеме, 88 шөп шабатын, 70 шөп буатын, 88 тырма сынды арнайы техникалармен қамтылған. Мал азығын әзірлеуге толықтай мүмкіндік бар.

Шөптің бағасына келсек, бір тюк 450-500 теңге. Бұл мешін жылындағы бағадан аса түсе қоймағанын аңғартады. Қарапайым халық шөптің қымбаттығын айтқанымен, әзірге баға түсер емес. Былтыр қуаңшылық жайлап, бірқатар ауылдық округтерге мал азығы шалғайдағы округтерден тасылып, қамтылды. Биыл керісінше әр округтің шабындық жерлері аймақтың несібесін еселей түсті. Біздің аймақта шөп тапшылығы сезіліп тұрған жоқ. Қазіргі кезде азық-түлік қымбаттап, қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан кезде, оған мал азығының қымбаттығы қосылды. Өткен сенбіде шөп бағаларының тұрақтылығы қадағаланып, алғашқы мал азығының жәрмеңкесі басталды.

Төрт түлігін күнкөріс көзіне айналдырған тұрғындар шөп бағасына қанша алаңдағанымен арамыздан шөп бағасы осындай бағада болу керек деген байламға келер ешбір жанды көрмедік. Ашығын айтсақ, бір бума шөп көлемі де көңіл көншітер емес. Былтыр қуаңшылық пен қыстың ұзаққа созылуынан бағаның өскені рас. Ел абдырап, қараша халықтың өзегі талған шақта шөп бағасы шарықтап кетті. Ал, қазір шөп бағасының қымбаттауына ешқандай негіз жоқ.

P.S. Бір қуанарлығы біздің ауданда мал саны жыл сайын артып келеді. Аудандық ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше биыл қысқа 44135 бас ірі қара, 181558 бас қой-ешкі, 16991 бас жылқы, 83 бас түйе түседі деген болжам бар.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар