Басты тақырыпМәдениетРухани жаңғыру
Алаштың рухани көсемі ардақталды
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, публицист, педагог, қоғам қайраткері, қазақ халқының XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі.
5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдер күніне аясында ақын, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Ахмет Байтұрсынов — ұлт ұстазы» атты танымдық кеш өтті. Дәл осы күні барша Қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде тілдер мерекесін тойлауда.
Бұл танымдық-рухани кеште рухани көсеміміздің саяси жолы, сол кездегі бастан кешкен ауыртпашылықтары мен жаңашылдықтары жайлы кеңінен сөз болды. Иә, Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығын бір кешке сыйдыру мүмкін емес. Бұны мойындамасқа болмас. Сөз сөйлеген қоғам өкілдері жиналған қауымға ұлт ұстазын барынша ашып, таныстыруға тырысты. Жиында алғашқылардың бірі болып сөз алған Ш.Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінің директоры Балқия Рысбаева ағартушының сол кездегі қоғамдық саяси ойын, Алаш идеясын тілге тиек етті. Ұлт көсемінің өз халқын оқу-білімге үндегенін жиналған оқушылар мен ұстаздарға ашық айтты. Одан соң сөз кезегі Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дидар Ізденқызына берілді. Ардақты ұстаз өз сөзінде Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілі туралы шығармаларына тоқталды. Қазіргі кезде ұлт ұстазының зерттеушілік жинақтары өз өзектілігін жоғалтқан емес. Арада қаншама уақыт өткеніне қарамастан әр түрлі ғылыми ізденістер мен зерттеулердің негізгі өзегі де осы жұмыстары екенін тілге тиек етті. Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы зерттеулерден ғана емес, сонымен бірге адами құндылықтарды насихаттайтын көркем әдебиет туындыларынан тұрады. Дәл осы мәселеге Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгерім Масабаева тоқталды. Жалпы адамилық Ахметтің шығармаларында көрініс табатын халық арасына жетіспейтін басты қасиет десек те болады. Бұл сөзімізге дәлел ретінде «Маса» өлеңдер жинағы мен мысалдарын алуымызға болады. Бір ғана мысал ретінде «Тырна мен Қасқыр» үлгі бола алады. Өлексені қомағайлана жеген аш қасқырдың тамағына сүйек тұрып қалады. Жан ұшырған қасқыр жан-жануарлардан көмек сұрайды. Қасқырға көмекке тырна келеді. Ол қасқырға көмектесіп, өңешіне тұрып қалған сүйекті алуға көмектеседі. Бірақ қасқыр өзіне көмектескен тырнаны жемекші болады. Осы мысалды қолданып, сол кездегі адамдардың ара-қатынасын байқаймыз. Өзіне қиын сәтте көмектескен адамды тез ұмытып, аш қасқырша талайтыны анық көрсетілген.
Сонымен бірге әңгімелер айтылып қана қоймай, кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Кітап көрмесін Анар Мәуленова таныстырып өтті.
Танымдық кешті аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев қорытындылады.
Кештің соңында «Ахмет Байтұрсынов – ұлт ұстазы» атты танымдық кешке белсене қатысқан ұстаздар, 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай, Мұхтар Шахановтың 80 жылдығына арналған орталық кітапхана ұйымдастырған «Өлеңім – өмірімнің айнасы» атты аудандық байқауына қатысқан жүлдегерлер аудан әкімінің алғыс атымен марапатталды.
Әділет ШАБАЙ,
Ойыл селосы.