23 жастағы жас ана ветеринариялық дәріхана ісін дөңгелетіп отыр. Ойыл ауданының тумасы Айшолпан Тапашева 20 жылдан соң туған жеріне келін болып түсіп, мал дәрігерлік дәріхана ашқан.
Жас келін қазір екі қыздың анасы. Жоғары оқу орнын ветеринария ісі бойынша бітірген ол мамандығының маңызын оқуға түспей тұрып біліпті.
— Менің бұл мамандықты таңдауыма ықпал еткен ағам еді. Медицина адам денсаулығының маңызын түсіндірсе, ветеринария жануарлардың ағзасын зерттейді. Үй жануарларының саулығы адамдардың да өміріне араша болатынын ескерсек, мамандықтың маңызын сөзсіз ұғынуға болады, — дейді жас кәсіпкер.
Айшолпан өзі ұнататын істі кәсіпке айналдыру туралы университет қабырғасында жүргенде жоспарлаған. Кәсіпкерлікке бейімдеу атты сабақта болашақ ісінің жобасын жасап, қорғап шыққан. Тұрмысқа шыққан соң ауылда ветеринарлық дәріхананың жоқтығын біліп, студент кезіндегі арманын жүзеге асыруды бастайды.
— Отбасымның қолдауымен көптен бергі арманымды жүзеге асырдым. Өзімнің туған жеріме 20 жылдан соң келін болып келіп, арманымның осында орындалатынын кім білген. Ауыл болғасын әр үйде мал бар. Бірақ осы күнге дейін дәріхана болмапты. Алдымен ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша дәрілер мен дәрумендерді ұсына бастадым. Бағасын да қолжетімді қылуға тырыстым. Уақыт өте әлеуметтік желілер арқылы онлайн кеңес бердім. Қандай ауруға қандай дәріні алуға болатыны туралы жазбалар жазып жүрмін. Кейін ауылда ат әбзелдеріне де сұраныстың бар екені байқап, Оңтүстік Қазақстан облысынан сапалы, теріден жасалған жүген, ер тоқым, тартпа, үзеңгі, қамшы сияқты өнімдерді де алдыра бастадым. Қазір дәріхана ассортиментінде ен салуға арналған құралдардан бастап дәрілерге дейін, малға қажетті барлық өнім бар, — деді Айшолпан Тапашева.Қыз баланың осындай мамандықты таңдап, жас келіншектің бұндай істі кәсіпке айналдырып отырғанына басқалары да таңданыспен қарайды. бұл ретте Айшолпан:
— Барлығы адамның жеке қызығушылығына байланысты. Шынайы жетістік ауыл адамдарының ризашылығына бөлену ғой. Екі жыл декретте отырсам да, бос отырмай кәсібімді жасап отырмын. Тапқан табысым балаларым мен өзімнің қажеттіліктерімді толығымен жабады. Одан артық не керек?! Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп орталықтан бөлек ғимаратқа орналастырғым келеді. 1 жасқа дейінгі балаларым болғандықтан осы уақытқа дейін мемлекеттік гранттарға қатыса алмадым. Алдағы уақытта оны да байқап көргім келеді. Бірақ қазір ақшадан гөрі өз саламда, ойымдағы ісімді жүзеге асырғаным қызық болып отыр, — дейді.
Арайлым ҚАСЫМ.