ӘлеуметБасты тақырыпБілім

ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕР КҮНІ

ЕКІЖАҚТЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУ

15 қараша күні еліміздің барлық колледждерінде алғаш рет жұмыс берушілер күнін атап өтті. Осы орайда атаулы күн Ойыл аграрлық колледжінде ашық есік күні өткізілді.
Алдымен «Жұмыс беруші күні» аясында жұмыс берушілер үшін колледждің материалдық-техникалық базасы көрсетіліп, «Жас маман» бағдарламасы бойынша жабдықталған колледж және зертханалар бойынша экскурсия ұйымдастырылды.
Әрі қарай «Әлеуметтік серіктестік — қоғамды дамытушы күш» атты дөңгелек үстел басындағы диалогпен жалғасты. Алғы сөз колледж директоры Серік Займолдинге беріліп, ашық есік күнінің мән-мақсаты — кадрлар даярлау сапасын арттырып, жұмыс берушілермен өзара тиімді жұмыстарды одан әрі арттыруға арналғанын жеткізді. Сондай-ақ оқу ордасының білім беру жүйесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Жұмыс беруші күні аясында өткен дөңгелек үстел соңында шаруа қожалық төрағалары мен колледж директоры Серік Займолдин меморандумға қол қойды. Сонымен қатар бірқатар шаруа қожалықтарына ҚР оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің, «Атамекен» кәсіптік палатасының, Ақтөбе облысы білім басқармасының және колледж директорының алғыс хаттары табысталды. Айтулы шара соңында колледж тарихынан сыр шертетін және білім алушылардың жасаған бұйымдары қойылған көрме көпшілікке таныстырылды.Сондай-ақ директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Шолпан Изматова шараға қатысушыларға тренинг өткізді.
Жұмыс беруші күніне орай бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеде шаруа қожалық төрағалары қажетті мамандарға сұраныс беріп, бос жұмыс орындарын ұсынды. Ауыл шаруашылығы саласына қажетті кәсіби маман даярлап отырған іргелі оқу орнының мамандарына қызығушылықпен қарап, ұсыныс-тілектерін жеткізді.
Сөз соңында «Мұрагер», «Естек» шаруа қожалықтарының төрағалары қиындығы мен қызығы мол ұстаздық жолындағы колледж ұжымына алғыс айтып, білікті маман даярлауға сәттілік тіледі.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар