Редакцияға Табыл аға келді. Табыл Құлыясов. Журналист, жазушы, жерлесіміз.
Қоғам өміріндегі кертартпа, пасық тірлікке жаны шыдамай, сын-сықақтың улы жебелі садағын қолға алып «қан майдан» ашқан ағамыз. Фельетон, сын-сықағын сонау бір жылдары республикалық баспасөзде бірінен соң бірін жариялап, кітаптан соң кітап шығарған ағамыз кейінгі кезде публицистикаға, тарихи деректерге сүйенген сүбелі шығармалар жазуға ден қойды.
Елден жырақ жүрсе де соңына ерген іні-қарындастарына тірек болып жүретін («сырттай сыйлас танысынан — Табылдың, айналып ем баласына бесінші» Есенбай.) Табыл ағамызбен әңгімеміз ел тіршілігіне құрылды.
— Адам басқа жерде жүрсе туған жердің қадірін біледі.
Маған соғыс жылдары еңбекті сүюді үйретті. 9-10 жаста колхозда жесір әйелдермен, қыздармен, 5-6 шал-шауқанмен жұмыс істедім.
Ойыл орта мектебін 20 жасымда бітірдім. Менен де үлкен жігіттер болды. Негізінен туған жерім — «Жетікөл» кеңшарының Қаракөл бөлімшесі. Әкем ел басқарып 1937 жылы нақақ жаламен сотталып кетті. 10-класс бітіргеннен кейін комсомолдық жолдамамен «Дзержинский» деген кеңшарда комсомол хатшысы болдым, жылқы бақтым, бригадир болдым. Бір-екі жылдан кейін аудандық газетке корректор болып жұмысқа кірдім. Редакторымыз Самат Мұқанбеталин деген кісі еді. 60-жылдары Байғанин мен Ойыл ауданы өзара социалистік жарысқа түсіп, ақын Мұқтар Құрманалиннің ұйымдастыруымен өткен айтысқа да түскем. Әбілқайыр Сисембаев деген ақынмен айтыстым. Шығармашылықты сол айтыспен, ақындықпен бастадым. «Ойыл вальсі» деген ән жаздым. Елде әлі күнге айтатын көрінеді. Содан прозаға, оның ішінде деректі жанры — фельетонға кеттім. Бұл — «Сен тұр, мен атайын» жанр. Кеңес үкіметіне керек жанр болды.
Фельетон жазғасын онша жағдайың болмайды. Соңыңа түседі, қиындық та кездеседі. Сонымен, Орталық партия комитетіндегі Сапар Байжановтың ара түсуімен Көкшетаудың облыстық газетіне кеттім. Онда Естай Мырзахметов, Еркеш Ибрагим тәрізді ақын-жазушылар істеді. Еркеш Ибрагим — мықты ақын, қазақ поэзиясында очерк тәріздес поэзияны әкелген адам. Сол Еркеш екеуіміз сырлас болдық. Кейде тақырыптар алмастырып жүрдік. «Бір келіншек» деген өзімнің туған жеңгемнің оқиғасын айттым, ол осы аттас поэмасын жазды. Бір түнде жазып шықты. Еркештің сюжеттерін алып мен сықақ әңгімелер жаздым.
Содан Жамбыл облысына қарай ауыстым. Облыстық газетіне бардым. Сонан кейін жаңадан Торғай облысы ашылып жатқан кезде Орталық Комитет қазақ радиосының тілшісі етіп жіберді. Меншікті тілші болып сол облыста 20 жылдай істедім. Сүйтіп жүргенде Қонаевтың сын-сықақ журналын ашу жөніндегі қаулысы шықты. «Алматыға кел, үй-жай береміз» деген ұсыныс болды. Телевидение және радиохабарларын тарату комитетінің «Фитиль» сияқты «Жебе» деген сын-сықақ журналының 1978-1980 жылдар аралығында 30 нөмерін шығардым. Министр Хасеновпен ақылдасқанда айттым: «тек қана заң орындарымен бірігіп шығаруымыз керек» деп, «сын, мін тағу үшін кім телевидениеге тұмсығын көрсеткісі келеді? Олармен бірігіп істемесе болмайды» деп, сонымен, сол уақыттағы КГБ, Жоғарғы сот, Халықтық бақылау комитеті, қаржы органдары — осылардың барлығымен келісіп, бақылау комитетініңорганы қылып сатиралық кино журналды шығардым. Үй жағдайы болмай, кейін өз тіршілігіммен кеттім. Торғай облысына келгенімде, ол жабылды. Мен енді Ақтөбеге сұрандым. «50-ге келдім, туған жеріме барайын жақындайын, ағайын-тумама қызмет етейін» деп. Келіспей, Ақмолаға жіберді.
1988 жылы телевидение-радионың тілшісі болдым.
— Біздің облыстық газетте істедіңіз бе?
— Ол уақытта Темір облыстық газеті ғой, территориялық. Тауман Төре- ханов, Мыңбай, Жанша апай т.б. адамдар жұмыс істеді. Осы «Ақтөбе» өлкелік болды да, ол территориялық облыстық газет саналды. Көп адам болған жоқ.
— Шығармашылық беталысыңыз қалай?
— Сонау ертеректе, 1955-1956 жылдарда «Жұлдыз» журналына материал апарып бергенімде, ақын Жұмағали Саин кездесіп, қарап, ақыл-кеңес берген Аллегория — сықақтың бір жанры. Содан бері анда-санда бір шығарма жазудың алдында, иә, болмаса шығарма жазып болғаннан кейін тыныстау кезінде аллегориялық шендестіру сияқты дүниелер жазатынмын. Оны бір кітапқа дайындап жүрмін 20-ға тарта кітабым шықты. Олардың біразы — сатира. «Күлкіграмма», «Сауда сақал сипағанша», «Кесілген бұрым», «Ши оқ», «Қаратерең» т.б. заманына байланысты кітаптар.
Қазір «Ақмылтық» деген кітап жазып жүрмін Бұл — негізінен Астананың тақырыбы. Қала туралы. Астана қаласы туралы ешкім әлі жаза қойған жоқ. Әйтеуір естімедім. Бірақ кім қалай жазса да, менің жанрым бөлек. Басты кейіпкерлерім — екі көше сыпырушы адам және 3-4 дипломы бар адамдар. Қалаға күн көру үшін келгендер, отбасын асырау керек. Біреуі — шетелден келген қазақ. Негізгі оқиға шындыққа негізделген Шындыққа бейімделсе оқушыларға тиімді. Қазақтар алай-түлей боранды «ақмылтық» дейді ғой…
— Жаңа біздің газетте жарияланған Есенбай ағамыздың өлеңдерінің ішінде өзіңізге арналған «Сынған айна» деген өлеңді оқығанда көңіліңіз бұзылды. Бұл жас келгендіктен бе, әлде туған жердегі тебіреніс бөлек пе?
— Мен 4-5 жыл бұрын келіп кеткем. Әр келген сайын жаңа өзгерістердің куәсі боламын. Өмір жылжиды. Мысалы, салынып жатқан жаңа үйлерді көресің. Табиғаттың өзін көресің. Бұрын келгенде, онша көңіл бөлмейміз бе?.. Қостанайдан бері қалың қар жатыр екен — қуанасың. Қар халықтың ырыздығы ғой, егіні… Халық нарыққа байланысты өзінің тірлігін өзі істеп кетті.
Мына Ойыл ауданының өзі рыноктан аман-сау шықты ғой. Облыстан теміржолдан шалғай жатыр. Ауданның іскерлері белсенділік танытса, мұндағы жер астындағы су — минералды су. Ойылда ішек, іш құрылысы аурулары жойылған. Сол судың арқасы. Ойылдың таза құмы — әйнек жасауға бірден-бір шикізат. Финляндияда ағайынды екі-үш адам кішкентай жабдық қойып неше түрлі әйнек — машиналардың әйнегі, үйдің жиһаздарың бәрін жасап жатыр. Өзімнің көзіммен көргенім — құмының сапасы Ойылдікінен әлдеқайда төмен. Ойылдың құмынан чех хрусталынан әлдеқайда сапалы бұйымдар жасауға болады. Анау, бор. Қазір бетонит деп жүрміз ғой. Оның құрамында бор, гипс, ұсақ-түйек, желім тәрізділер бар. Атыраудың жігіттері «Дендербор- құрылыстан» бор тасып, Астанада цехтар ашып, бетониттерді өздері дайындайды. Біздің Ойылда осындай мүмкіндіктердің бәрі бар ғой. Осының бәрін іскерлеріміз қолға алса, ел гүлдене береді. Экономика жылжуы керек.
— Мұрағатқа келіпсіз, бірдеңе іздестіріп жүрсіз бе?
— Біздер, соғыс кезіндегі ұрпақтар, соғыстан кейінгілер, көбіміз жесірлердің тұқымдарымыз ғой. Әкелеріміз, ағаларымыз майданға кетті. Жесірлер асырап қалды ғой. Солардың деректерін тауып алсам деймін. Мұрағатта аз ғана отырғанда Мұғалжар ауданының 4-5 әйелінің жасаған еңбектерінің деректерін таптым. Олардың алды 80-нен асып кеткендер.
— Орынбор мұрағатынан не таптыңыз?
— Орынборда осыдан бір-екі жыл бұрын болдым. «Қаратерең» деген кітабым шықты. Ол Президенттің кітапханасына кетті, сауда орындарына түскен жоқ. Материалдар жинақтап жүргенде барғанмын. Мұрағат — тарихымыз. Өз тарихымызға өзіміз мұқият болуымыз керек. Мына орыс жерінде заманына байланысты тарихымыз қалып қойды. Онда сотталған адамдардың ұрпақтары арамызда жүр ғой. Мысалы, «Қара-тереңде» 2000-ға жуық адамның аты бар. Бұрын еш жерде аталмаған Мысалы, түрмедегі әйелдердің. Солардың онының ұрпағы табылып, әке-шешелерінің, бабаларының кім екенін білсе, мен сияқты жазушы үшін бақыт қой. Сол үшін Орынборда болдым. Мұрағат жағдайы жақсы емес. Бір ғасырдан көп уақыт болған мұрағат. Қағаздардың барлығы азып жатыр. Құнды деректі қайткенде елге жеткізу керек.
— Әңгімені өз кәсібіңізге бұрсақ. Кезінде фельетонист болдыңыз. Бүгінгі заман түзу — «сөйле» деп жатыр. Бірақ сатира юморлық, жеңіл әзіл шеңберінде шектелуде. Улы дүние жоқ. Оған кезқарасыңыз қалай?
— Фельетон жанрын жазатын ұрпақ келеді деп есептеймін. Сенің кемшілігіңді жаныңда жүрген адамың айтпаса — білмейсің. Бала кезімізде біреуді біреу мақтап жатса айтатын «Ой, ит мені өлтірейін деп жүрсің бе?» деп. «Өзін өзі мақтаған—өлімнің қара басы» деген сөз де бар. Мақтай беру, мақтай беру адамды жардан құлату деген сөз ғой. Фельетон жазып, қоғамды, адамды кемшілігінен арылтуға қызмет ету деген қаламгердің парызы деп есептеймін. Қазір «Ара» журналының әупірімдеп шығып жатқанына қуанамын. Редколлегия мүшесімін. Қазір де фельетон жазып тұрамын. Фельетонның тақырыбы да, деректері де өмірде жетерлік. Соны фельетонға айналдырып жазуымыз жетіспей жатыр. Қорқып жатырмыз. Шынында да, жан қымбат қой. Бір бай туралы, оның кемшілігі туралы жазсаң сені киллер жіберіп аттыра салуы да мүмкін. Кеңес үкіметі кезінде кейіпкеріңді немесе өзіңді партиядан шығаратын. Одан ауыр жаза жоқ еді. Қалтасынан пышағын суыратын заманға келіп қалып тұрмыз ғой. Шамшылдық, өзінің кемшілігін мойындамаушылықтың әр жағында надандық жатыр. Кемшілігін мойындаған адамды құрметтеп, жақын тұту керек.
— Зейнетақыңыз жете ме?
— Өзімнің тіршілігіме жетеді. Қосымша «Қазақ елі» газетінде жұмыс істеймін. Бұйырғаннан артық ештеңе жоқ.
— Қазақ журналистикасы жайлы пікіріңіз.
— Рынокты жазуға төселе алмай жатырмыз. Үкімет өз идеологиясы, ұлттық идеология үшін өлерменденуі керек. Журналистикаға үкімет қолдауы қажет. Өмір — елде. Қалам иелері елден шықпауы тиіс. Қазір «Баспасөз — төртінші билік» емес. Әлемдік деңгейде бірінші орынға шықты. Билікті жасайтын, қорғайтын және қалыптастыратын — баспасөз. «Байлығымнан сүріндірсең де, тілімнен сүріндірме» деген қазақ айтқан заман келді. Мұны билік басындағылар, шенеуніктер түсінулері керек.
— Біраз жылыңыз Торғайда өтті ғой…
— Иә, жиырма жыл. Барып тұрам. Облыс жабылғаннан кейін Торғайдың халқы Астанаға жиылды. Ауызбіршіліктері мол бір қауым ел «Өзіміздің, Торғайдың азаматы» деп қалдырмайды. Торғай — ұлылардың мекені болған жер. Сақталған ұлт. Солардың ұрпақтары. Торғайда 57 концерт-очерк дайындадым. Ташкеннен «Торғай толғауы» деген күйтабақ шығардым.
— Астанаға халық жан-жақтан құйылып жатыр. Өзіңіз айтқандай, торғайлықтар бір қауым ел, Басқасы бар. Байырғы тұрғын ретіндегі көзқарасыңыз…
— Республикалық орталыққа айналған кезде 110-дай мекеме басшысы болды. Қазір олардың барлығы дерлік зейнеткерлікте. Солардың 20 пайыздайы ғана қазақ кадрлары болды. Қазақ кадрларының 40-50 жыл жұмыс істеп орынбасарлықтан аспағандары бар. Халық әр түрлі ғой. Халықтың топтасуын әркім әр түрлі қабылдады. Жалпы, астаналық тұрғындар қалыптасып келеді. Айырмашылық, ала-құлалық бар ғой… Қазір «астаналықтар» деген халық бар. Орыстарымыздың өзі ұлттық саясатты қолдайды. Сол қуантады.
— Әңгімеңізге рахмет!
ОЙЫМДАҒЫ ОЙЫЛЫМ
Табыл Құлыяс
Батырлардан із қалған,
Асан қайғы жыр жазған.
Сағым буған таулары,
Маған биік құздардан.
Ойымдағы Ойылым,
Байлық толы қойының.
Елең етпей ерлікпен,
Еңсерді нарық құйынын.
Тарихы қалың жатталған.
Ақ тарысы мақталған.
Жүрегі дархан халқының,
Ұлттық тәртіп сақталған.
Ойымдағы Ойылым,
Байлық толы қойының.
Туған жерім, мекенім.
Сөзге тірек етемін.
Атып тұрған ақ таңы,
Даналар халық мақтаны,
Бүгінгі ұрпақ екпінмен,
Гүлдентіп жерін жатқаны.