Басты тақырыпСұхбат

МӘСЛИХАТ — БИЛІК ПЕН ХАЛЫҚ

АРАСЫНДАҒЫ ДӘНЕКЕР

Халық қалаулылары қашанда халық игілігі үшін еңбек етеді. Яғни, халық мүддесін ойлап, солардың сөзін сөйлеп, билік пен қарапайым халық арасын байланыстыратын көпір секілді. Халық пен билік арасындағы дәнекерге айналып, толғандырып жүрген әртүрлі мәселелермен келген қаншама адамды қабылдайды.Сұрағына қарай жауап беру, мәселесін шешуге ықпал жасау сияқты атқаратын жұмыстар да жетеді. Осындай іс-шаралардың ортасында жүрген Ойыл аудандық мәслихатының депутаты Алтынзер Ақбисеновамен сұхбаттасқан едік.
-Алтынзер ханым, депутаттық қызметке қалай келдіңіз?
— 2020 жылы ауыл әкімдігінің ұсынысы бойынша, қазіргі «АMANAT» партиясы өткізген праймеризге қатыстым. Алғашында мен үшін жаңалық болған бұл бағыттың қиыншылығы көп болды. Кәсіби қызметінен алшақ салаға бас сұғу кімге болса да оңай болмайтыны анық. Сайлаушылармен кездесу, олардың сұрақтарына жауап іздеу, мамандармен бірлескен жұмыстар менің депутаттық қызметке көзқарасымды оң бағытқа өзгертті. Праймеризден кейін мәслихаттар сайлауы жалғасты. Партияластарымның сеніміне ие болдым.
— Сіздің ойыңызша депутат қандай болуы керек? Өзіңізден кейін депутаттық қызметке келген жастардан не күтесіз?
— Менің түсінігімде, депутат-халықтың үнін билікке жеткізуші. Билік пен халық арасындағы дәнекер. Сондықтан, депутат жауапкершілікті сезінетін, сайлаушылардың сұранысынын қанағаттандыру үшін жүйелі жұмыс жасай алатын болуы керек. Депутатқа жалтақтау, жағымпаздану жараспайды.
Жастар-еліміздің ертеңі, болашағы.
Жас депутаттар жастардың қажеттілігін, мұң-мұқтажын билікке жеткізе білсе және сол сұраныстарының оң нәтижеге жетуін назарда ұстаса. Бастаған істерін жауапкершілікпен соңына дейін жеткізсе, қоғамда келеңсіздіктер болмайды деп ойлаймын.
-Өзіңіз сайланған елді мекен тұрғындары қандай мәселелер көтеріп жүр? Қазіргі таңда көтіріліп жүрген мәселелер қалай шешімін табуда?
-Праймеризге қатысқан кезде Көсембай ауылының тұрғындары ұялы байланыстың болмауын мәселе етіп көтерген болатын. Бүкіләлемдік пандемиямен күрес кезінде бұл мәселе оң шешімін тапты. Қайыңды селолық округі бойынша көтеріліп жүрген мәселелер: ауыларалық, ауылішілік жолдар, ауылдарды газдандыру, ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жұмыссыздық, маусымдық мал күтімін ұйымдастыру.
Қазіргі кезде аталған мәселелер бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Кемер-Ақжар бағытындағы ауыларалық жолдың жұмысы үстіміздегі жылы бастау алды. Бірақ жұмыс толық аяқталған жоқ. Алдағы жылы жалғасын табады деген сенімдеміз. Ақжар ауылының үш көшесін асфальттау бойынша жоспарлау жұмысы алдағы жылдың еншісінде тұр. Ауыл тұрғындарының сұранысы негізінде, ауылдарды газдандырудың жоспарына 2025-2026 жылдарға енгізіліп отыр. Бұл мәселенің Президентіміздің назарында болуы — біз үшін қуаныш. Жоспарланған мерзімнен бұрын, халық көгілдір отынның қызығын көруі мүмкін деген де үміт бар.
Ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында спорт алаңдары іске қосылды. Жастар игілігін көруде. Жұмыссыздық, маусымдық мал күтімі – үнемі бақылауда тұратын мәселелер.
-Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан:
Гаухар АЛЕКСЕЕВА.

Басқа жаңалықтар