ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

ТАРИХ ПЕН ТАҒЫЛЫМ ОРДАСЫНА 20 ЖЫЛ

Музей — тарих, музей — тағылым. Ол — өткен мен бүгіннің жалғасы. Музей — әр елдің әдебиеті мен мәдениетінің жаңғыру жолында, ескіден мирас болып, қанына сіңген, тамырында бүлкілдеп жатқан қасиеттерді, мәдени мұраны өскелең ұрпақтың санасына қалыптастырып келеді.

Шығанақ Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейі Ойылдың қақ ортасындағы Байсалбай Жолмырзаев көшесінің бойында орналасқан. 2003 жылдың 10 қыркүйегінде құрылған айтулы мұражайдың қорында XVIII ғасырдың көне жәдігерлеріне дейін толып тұр. Сонау жаугершілік заманындағы пайдаланылған жебелердің ұштары көптеп кездеседі. Ел үшін тер төккен тау тұлғалардың ерен еңбектері мен сайын даланың қойнауындағы көне дәуірдің жәдігерлерін жинақтап, қорғалып, сақталған айтулы музей бүгінгі күнде ауданның абыройын асырып тұр.
Ауданның тарихын «түгендеуге» үлес қосып, мұраларын көздің қарашығындай сақтап отырған Ш.Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейіне 20 жыл толды. Сондай-ақ, мерейтоймен қатар музей басшысы Балқия Тілеужанқызы зейнеткерлік жасқа толды. «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында «Кешегі және бүгінгі музей: жұртшылық көзімен» атты шара аудандық музей мен Балқия Тілеужанқызына арналды. Кешке «Ойыл ауданының құрметті азаматы» Нұрлыбек Қалауов, жерлесіміз, әнші, баяншы Мұхамбетқали Сатыбаев, өлкетанушы, жерлесіміз Нұрлан Жұмағалиевтар қонақ болып келді. Әріптестері мен замандастары алдымен оны шебер ұйымдастырушы және ұлтжанды азаматша ретінде таныды. Сондықтан, алдымен өмір жолына көрермен арнайы дайындалған бейнебаян арқылы тағы бір көз жүгіртті.
Өнегелі өмір жолы мен еңбекқорлығы, аудан мәдениетін, өлке тарихын өркендету жолындағы ерен еңбегі айтылған кеште Балқия апайымызға жылы лебіздер, әсем әуен, өрнекті өлең, құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары ұсынылып жатты. Облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Медет Құлмұханов облыс әкімі Асхат Шахаровтың және облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғалидың ыстық ықыластарын жеткізсе, облыстағы аудан музейлерінің басшылары, осы кешке Ақтөбеден арнайы ат терлетіп келген замандастары, достары, сыныптастары мен шәкірттері де ықыластарын білдіріп, өздерінің сый-сияпаттарын ұсынды.
Әнші, баяншы Мұхамбетқали Сатыбаев баянымен ән арнаса, өлкетанушы, жерлесіміз Нұрлан Жұмағалиев музей қорына құнды, тарихи құжаттарды тапсырды.
Кеш соңында өзінің ізгі лебізін жеткізген аудан әкімі Асқар Қазыбаев алдымен кеш иесінің кеудесіне Ойыл ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тағып, «Ойыл ауданына 100 жыл» мерекелік естелік сыйлығын табыстады.
-Зейнеткерлік жас – адам өмірінің мағыналы белесі. Біз «Үлкенге — құрмет, кішіден — ізет» деген аталы сөзді ұрпағының бойына сіңіріп өскен халықпыз. Сіздерге қарап, кейінгі ұрпақ жетіліп, жаңа заманға сай сол істерді жаңғыртуда. Ауданымызда музей саласында атқарылған игілікті істер Балқия Тілеужанқызының атқарған жұмыстарымен тығыз байланысты, — деді аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы.

Басқа жаңалықтар