ӘкімдікБасты тақырып

Қалдырғаны «ісі» жаңғырып…

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында «Рухани жаңғыру-адам баласының оның ішкі әлемінің жаңғыруы, сана – сезімі, жаңа өзгерісті қабылдай білуі» екенін атап көрсетті. Әр халық ел болып ғұмыр кешу үшін жастардың санасына ұлттық құндылықтарын сіңіріп, рухани болмысымен өмір сүруге баулиды. Ондағы ең маңызды, өзекті мәселе – туған жерге деген махаббат. Міне осыған дәлел өткен аптаның 23 жұлдызында біртуар, қайта келмес азаматы Байсалбай Жолмырзаевқа 90 – жылдығына арнап ескерткіш - бюстті орнатылды.

 

 

 

 

Оған зайыбы Қаракөз апайымыз және туған – туыстары, жұмыстастары мен достары, балалары мен немерелері ат терлетіп келді. Ойыл ауданына еңбегі көп сіңген ағамызды сыйлап келген бұдан да өзге беделді қонақтар қарасы да көп болды. Ескерткіш – бюсттің ашылу салтанаттында жұртшылықты құттықтаған аудан әкімі Дастан Сағыров «Бүгін біз Ойыл ауданының әлеуметтік – экономикалық дамуын өркендетіп, орасан зор үлес қосқан қоғам қайраткері Байсалбай Жолмырзаевтың  90 жылдығына орай ескерткіш бюстті ашқалы отырмыз. Ел аманатын арқалаған осы бір азаматтың есімі ғасыр алмасса да көптің аузынан түспеуі, оның өлшеусіз еңбегінің арқасы деп білемін. Облыс орталығынан алыс жатқан ауданның шалағай тұстарын іскерлік қабілетімен түлеткен тұлғаның орны ойылдықтар үшін қашанда жоғары. Ендеше Бәкеңдей біртуар басшының еңбегін кейінгі ұрпақ та біліп жүруі тиіс. Ел өткенін ұмытпайды. Сіздерді бүгінгі қуанышты сәттеріңізбен құттықтай отырып, отбасыларыңызға бақыт,табыс  береке, еліміз аман жұртымыз тыныш болсын» деп ақ ниетті тілегін білдірді. Міне осындай елдің қамын ойлаған еңбекке ерте жастан араласқа,н елі үшін аянбай еңбек еткен Байсалбай Жолмырзаевтың ескерткішін кезінде бірге атқарған Ғазиз Займолдаұлы мен әулеттің құдасы Сабдар Әбиев ашып гүл шоғын қойып тағзым етті. «Өз елінің тарихын білмеген адам – өзге елдің тарихын біліп жарытпас». Осы өнегелі ұлы даналыққа сүйінсек, әрбір адам баласы өзінің туған жерінің тарихына үңіліп, тарихын, ұлы тұлғаларын білу маңызды. Расында да осындай ұлы тұғанын өміріне терең зер салу болашақ ұрпақ үшін таптырмас мәлімет екені айтпаса да айқын.

Осыған байланысты мәдинет үйінде «Ел жадында сақталған жарқын бейне» атты танымдық конференциясы болды. Онда Байсалбай Жолмырзаевтың жұмыс жасаған жылдары мен қиын сәттері айтылып, өмірі туралы шағын бейнебаян көпшілікке көрсетілді. «Ел игілігі үшін еңбек еткен азаматты еске алып, есте қалған естеліктерін жеткізіп, өнегелі өмір жолынан сыр шерту ұрпақ үшін парыз» — дей келе Берік Бисекенов ортаға конференция қонақтарын шақырып сөз кезегін берді. Алғашқы болып шыққан Өтеміс Әкімов «Ойылдың өркендеп – өсуіне үлес қосса, ел азаматы Байсалбай Жолмырзаевтай болсын! Қызмет бабында өңірге үш оралды: жас аграном, МТС директоры болып жолдамамен алғашқы рет 1955 жылы келсе, екі рет бірінші хатшы. Соның барлығы он бес жылдан астам сіңірген еңбек, жасалған қызмет. Жас келсе іске – тың көтерудің алғашқы шебінде жігерлі де, қайратты Бәкең бірден ерекшеленді. Қарекең Ойылдың сүйікті келіні атанды. Ойылды Бәкеңнің екінші отаны десе де болады. Қарекең екуінің көп өмірі сонда өтті. Аудан экономикасын мықтап дамытып, мәдинетін өркендетудің бес жылдық жоспарлары жасалып, оның орындалуы қатаң бақылауға алынды. Барлық елді қоныстарда мектеп, дәрігерлік пункт, кулб, дүкен, монша, тұрғын үйлер салынып, мал қыстақтарын электр жүйесіне қосу 70 – ші жылдарыдың басында атқарылды. Ақтөбе – Шұбарқұдық және совхоз аралық аудан көтерме жолдар салынды, орталығына су жүйесі тартылып, типтік жобамен сүт зауытты, т.б. маңызды құрылыстар салынып, пайдалануға берілді. Төрт көшеге асфальт төселді. Міне осы жұмыстардың басы қасындада өзі болып қадағалайтын Бәкең еш жалықпайтын еді» — деп сөзін түйіндеді. Келесі сөз кезегін алған Ғазиз Займолдаұлы «Адам ең алдымен еліне, ының халқына жасаған жақсылығымен есте қалады. Жақсылық дегенде елдің көңілін аулау емес. Жалған сөйлеп жағыну, алдап ұстау емес, шын мәнінде бар ынта ықыласпен, ниетпен еңбек ету арқылы ел сенімін ақтау. Сонда ған өзі атқарған істер кейін оның атын шығарып, жұртқа мәшһүр етеді. Осындай жандардың бірі – Байсалбай ағамыз екенінде ешкімнің дауы жоқ. Оның тәрбиесі менің де санамда жатталып қалды» — деп жастарға үлгі қылып, сөзге тиек етіп кетті. Сөз соңың қорытындылаған Байсалбай ағамыздың жұбайы Қаракөз Қосаева да бір-екі шындығымен бөлісіп әңгіме қылды. «Жалпы Бәкең ешқашан да өзін ойлаған емес. Әрдайым халық жанашыры болып өзіміздің балаларымызды да соған тәрбиелейтін. Бұрын біз тұратын жылдары Ойылда шамның, судың, отынның тапшылығы болып үйге біреу келсе қиналатын едік. Ал қазір Ойыл қатты өзгерген. Тіпті ауыз суының өзі бал татиды. Шыны керек менің балаларымның алдыңғылары Ойылда туып өсіп, туған жері екенін білді. Ал кейінгі екі балам орысша тәрбиеленіп көп нәрсені білмегендіктен туған жерлері туралы, әкелерінің еңбегі сіңген, киелі мекен туралы білсін деп үнемі айтып отыратынмын. Бүгінгі кешке барлығыңыздың атсалысып жатқандарыңызға рахмет» — деп, келген балалары мен ағайындарын халыққа таныстырды.

Одан соң Ойылдың ақсақалдар мен қонақтары «Тәуелсіздік 20 жылдық атындағы» мәдениет және демалыс орталығына Байсалбай Жолмырзаевтың рухына бағышталған асқа жиналды. «Өлі риза болмай, тірі байымас» дегендей, ағамыздың рухына бағыштап құран оқылып, жиылған қауымға жасын берсін деген ниетпен қадірлі қонақтарға шапан жауып, сый – сыяпаттар тарту етілді. Әрине ортамызда Байсалбай ағамыздың жоқтығы жанға батқанымен,  артында қалған балаларымен із жалғастырушы ұрпақтары еске алып жатқаны қуанышты жағдай екені де жасырын емес.

Айта кететін жайт Байсалбай Жолмырзаевтың жұбайы Қосаева Қаракөз апайымыз «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, Ойыл ауданын да біраз жыл ұстаздық етіп балаларға тәлім – тәрбие берумен қатар білім нәрін сусындатқан ұлы ұстаз екен. Осындай ұстаздарын бағалаған шәкірттері мен Ж. Жүсібалиев атындағы қазақ орта мектебінің ұжымы Қаракөз Қосаеваға арнайы «Орыс тілі мен орыс әдебиеті» пәнінің кабинетін жабдықтап лентасын қидырды. Қаракөз Қосаева сол кабинетті түгелдей жабдықтауға барлық заттарын сатып әкеліп көмек көрсетті. Бәрімізде ұстазға бас иетініміз рас. Қанша есейіп кетсек те, ол біз үшін ұстаз, біз ол үшін оқушы болып қаламыз. Міне соның көрінісі, кезінде алдында оқушы болып отырған кіп — кішкентай бүлдіршін, бойжеткен – бозбалалар апайдың алдында өзімен тіке тіреспесе де, артынан еріп келе жатқан ақ жаулықты әже мен бір үйдің қариялары. Бұрынғы өткенді еске түсіріп бірі өлең айтса, енді тап бір баладай қолын көтеріп апайына еркеледі. Бұл жолы Қаракөз апайымыз бұрынғы қаталдығын көрсетпей, бестен де жоғары баға қойып берем деп қалжыңдады. Әрине, өткеннің белесі, бүгіннің елесі ғана. Қаракөз Қосаева өз қолымен өзі сияқты мықты да әрі білікті маман болсын деген ниетпен батасымен бірге мектептегі орыс тілі мен орыс әдебиетінен беретін мұғалімге табыс етті. Әрмен қарай мектептің  ішін жан-жақты аралап музейге кіріп ескі суреттерге тамсанып бір езулеріне күлкі жинап алды. «Ақын, әнші, бай – кедейде, данышпанның да ұстаздан тәлім алып жетілетіні сөзсіз. Міне осындай  еңбегі сіңген ұстазымыздың қолтаңбасы мектептің төрінде тұруы тиіс» — деген мектеп ұжымының мұғалімі Қаркөз Қосаеваның қолтаңбасын алды. Музей ішін аралаған жас ұрпаққа үлгі болатын естеліктердің бірі.

Әрмен қарай «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» алаңында футболдан жолдастық кездесу ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Қазақ елінің кешегісі, бүгінгі өмірі өздігінен келген жоқ. Ерлеріміздің ерен еңбегі – Ойыл өңірінің тарихы. Бүгінгі Тәуелсіздігімізде мыңдаған қарапайым еңбек адамының, еңбекқор тұлғалардың үлесі зор. Қажырлы еңбегімен, азаматтық істерімен өңірімізді әйгілеген, елі үшін еңбек еткен осындай Байсалбай Жолмырзаев секілді ағаларымызды бүгінгі өскелең ұрпақ ешқашан ұмытпайды.

Өміргүл ТЕМІРХАН.

Басқа жаңалықтар