ӘкімдікӘлеуметДенсаулық
МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТ БИІГІНДЕ
Маусым айының үшінші жексенбісінде келетін медицина қызметкерлерінің күнін аудандық аурухана ұжымы биыл да сән-салтанатымен қарсы алды. Кеш шымылдығын флешмобпен ашқан ақ халаттыларды аудан басшысы Асқар Қазыбаев кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Бұл күн құрмет пен алғысқа бөленген Гиппократ антын қабылдап, қай кезде болмасын әрдайым сенімділікті сақтайтын, асқан шеберліктің иесі ақ халатты абзал жандардың мерекесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі жолдауында денсаулық сақтау саласына ерекше мән беріп келеді.
Себебі қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Осы орайда елімізде жылдан жылға аталмыш саланы қаржыландыру көлемі артып, денсаулық сақтау саласын дамыту тұрғындарға заманауи қол жетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында барлық мүмкіндіктер жасалуда. Сондықтан осы күнді адам тәнінің қиналысы мен қасіретін жүрегімен сезіне білетін денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлерін, дәрігерлер мен мейірбикелердің ерен еңбегінің дүйім жұртшылықпен бағаланатын күн деп айтуға болады.
Құрметті ақ халатты абзал жандар сіздерді кәсіптік мерекелеріңізбен құттықтай отырып, мықты денсаулық, күш-жігер, баянды бақыт және жаңа табыстар тілеймін», — деді. Әрі қарай мерекелік шара марапатқа ұласты.
Отандық денсаулық сақтау саласына қосқан ерен еңбегі үшін «Денсаулық сақтау ісінің Құрмет ардагері» медалімен аудандық аурханасының окулист дәрігері Назира Аралова, «Мейірімді жан» медалімен аудандық аурухананың күндізгі бөлім мейірбикесі Гүлжанат Амирова, «Шарапат» төсбелгісімен туберкулезге қарсы күрес кабинетінің мейірбикесі Рита Майланова наградталды.
Аудандық аурухана хирургия кабинетінің мейірбикесі Рита Бекетаева, Көптоғай дәрігерлік амбулаториясының фельдшері Зәмзәгүл Жиенғали, Ақкемер медициналық пунктінің фельдшері Салтанат Жакиева Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрбол Тымпиевтің Алғыс хатымен марапатталса, «Шарапат» облыстық қоғамдық бірлестігінің Алғыс хатымен Ойыл аудандық ауруханасы стоматология кабинетінің мейірбикесі Салтанат Бектұрғанова, жедел-жәрдем фельдшері Назерке Мұханбетова, дені сау бала кабинетінің мейірбикесі Әсел Тұрғамбекова марапатталды.
Одан кейін бір топ медицина саласының қызметкерін аудан әкімі өз алғыс хатымен марапаттады.
«Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында ауданға қызмет етуге келген жас мамандар «Гиппократ антын» қабылдап, «Жас маман – 2024» төсбелгісін тақты. Өзі де белгілі дәрігер, жерлесіміз Нұрлан Ағзамов арнайы қатысып, отбасы атынан тасқын су салдарынан зардап шеккен Қарасу медициналық пунктінің фельдшері Гүлдана Мергенғалиеваға 100 мың теңгенің сертификатын табыстады.
Ал, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев та медицина саласының әртүрлі буынында еңбек ететін бірнеше қызметкерге салалық кәсіподақтың арнаулы сыйлықтарын тапсырып, өз атынын алғыс хаттарын тапсырды. Сонымен қатар бас дәрігер ән-бимен алмасқан марапатты сәтте Саралжын дәрігерлік амбулаториясының жүргізушісі Айбек Ертілеутовті зейнеткерлікке шығу мерейтойымен құттықтап, естелік сыйлығын табыс етті. Бұдан бөлек, аудандағы бірқатар мекеме басшыларының атынан да алғыс хаттар берілді.
Аудан өнерпаздары мен аурухана ұжымының жастары концерттік шашумен ақ халатты абзал жандардың мерекелік көңіл күйін көтерді.
P.S. МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА АУЫЛДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫН ДАМЫТУ, НАУҚАСТАРҒА ЖЕДЕЛ ЖӘНЕ ШҰҒЫЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ МАҚСАТЫНДА САРАЛЖЫН ЖӘНЕ САРБИЕ АМБУЛАТОРИЯСЫНА ЖАҢА ЖЕДЕЛ-ЖӘРДЕМ КӨЛІГІНІҢ КІЛТІ ТАБЫС ЕТІЛДІ.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.