Әлеумет

АЭС-тің ел дамуындағы әсері

АЭС – еліміздің энергетикалық саясатының маңызды бағыты. Кейінгі кездері жаңартылатын әрі баламалы қуат көздерін дамытуға нақты бағыт алдық. Еліміз жалпы энергия теңгерімі құрылымындағы жаңартылатын қуат көздерінің сапалы өсімін 3%-ға жеткізді. Осыған дейін бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 10%-ға дейін өсіруді мақсат еттік. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 15%-ға дейін жеткізбекпіз. Сол себепті, АЭС құрылысының ел дамуына мультипликативті әсерін толық ұғынуымыз қажет.

АЭС-тің ел дамуындағы әсері

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Биылғы Жолдауында Мем­лекет басшысы да энергетика мәселесін шешудің маңыз­ды­лы­ғын айрықшалап айтып кетті.

«Бүгінде энергетиканың Қазақстан экономикасындағы рөлі зор. Энергетикалық қа­уіп­­сіз­дікті қамтамасыз ету – бас­ты міндеттің бірі. Елі­міз­­де энергия­ны тұтыну қар­қыны жылдан-жылға артып келеді.

2035 жылға қарай ел эко­­номикасы мен халық­тың қо­сымша электро энер­ге­­ти­калық сұранысы 18 ГВт-тан астам жаңа буынды қажет етеді. Яғни белгіленген уақытқа дейін қол­да­ныстағы электрлі стансалардың генерациясы тек 135 млрд КВт сағат болса, қазіргі таңда тұтыну мөлшері 152,4 млрд КВт сағатты құрап отыр. Бұл ағымдағы энергия көздерінің болжамдалған мөл­шерден бөлек, тіпті қазіргі жүктемелерді толықтай қам­та­масыз ете алмайтынын айғақ­тайды. Ядролық генерацияны дамытудың және көміртегі бейтараптығының жаһандық күн тәртібінде сақтаудың қажет­тіліктері бар. Олар – елдегі электр энергиясын өндірудегі таза электр энергиясының үлесін арт­тыру, ел экономикасындағы көміртегі ізін азайту, еліміздің CO2 шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелерін орындау, елдің энергетикалық жүйе­сінің тұрақтылығын қам­тамасыз ету, соның ішінде жаңар­­тылатын энергия өндіру­дің өсуін қолдау.

Осы тұста еліміздің эколо­гия­лық жағдайына тоқталатын болсақ, парниктік газдардың ішінен көмірқышқыл газы CO2 – 81,6%-ы қазбалы отынды жағу кезінде бөлінсе, PI экстракция үдерісінде метан СН4 – 12,4% шығарылып, азот оксиді N20 – 5,6%-ды құрайды.

Болашақта атом энергетикасын дамытудың бірнеше елеулі артықшылығы бар еке­нін де ескеру қажет. АЭС елді энергиямен қамтамасыз ету көздерін әр­тараптандыруға, көмір мен газға тәуелділікті азайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ атмосфераға парниктік газ шығарындыларын азайтатын экологиялық таза энергия көзі­не жатады. Атом энергиясы энергиямен қамтамасыз етудің тұрақтылығына да жауап береді. Өйткені АЭС үздіксіз жұмыс істейді әрі ауа райы жағдайына тәуелді емес. Заманауи технологияларды енгізу АЭС-тің жоғары тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Атом энергетикасы елі­міздің техно­логиялық дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Сонымен қатар АЭС-тің жұмыс істеуі олар орналасқан аймақтардың экономикалық өсуіне тікелей байланысты. Заманауи АЭС энергия тиімділігін арттырып, смарт-желілік жүйелерге біріктірілуі де мүмкін. Атом энергетикасы импорттық энергия ресурс­тарына тәуелділікті азайтып, елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтады. АЭС энергетикалық инфрақұрылымын дамытудың ұзақмерзімді болашағын  қамтамасыз етеді. Тіпті суте­гі және басқа да жоғары тех­но­логиялық өнімдерді өндіруге пайдалануға болады. Оған қоса ядролық физика мен технология саласындағы зерттеулер мен инновациялардың серпілісіне жол ашады.

АЭС құрылысының ел дамуы­на мультипликативті әсері көп. Әлеуметтік әсері:

  • Ғылыми-техникалық, жоға­ры білікті кадрлар әлеуеті артады;
  • Құрылыста 8 000 адамға дейін қамтитын жұмыс орны ашылады, эксплуата­ция кезеңінде
    2 000 адамға дейін жоғары сапалы маман қалып­та­сады;
  • АЭС салу кезіндегі 1 жұмыс орны іргелес салаларда 10-нан астам жұмыс орны ашылады.

Техникалық әсері:

  • Жергілікті өнеркәсіпті дамытады;
  • Жанармай базасы кешенді пайдаланылады;
  • 60 жылдан астам уақытқа тұтынушыларды энергиямен қамтамасыз ету шешімін табады.

Экономикалық әсері:

  • Жергілікті кәсіпкерлік қолдау (құрылыс-монтаждау жұмысы кезінде шамамен 2,5-3,5 млрд доллар табыс түседі) табады;
  • Бүкіл өмірлік цикл кезіндегі салық түсімдері 2,5–3,0 млрд доллардан асады;
  • Елдің инвестициялық тар­тымдылығы артады.

Экологиялық әсері:

  • Парниктік газ шығынды­лары жылына 10 млн тоннаға дейін азаяды.

Мемлекет басшысының айтуынша, әлемде өнеркәсіп пен экономиканы көміртегінен ада қылудың орнықты үрдісі бай­қалады. ЕО-ға мүше елдерде парниктік газдардың қалдығын 2030 жылға қарай 55 пайызға азайту жоспарланып отыр. ЕО-да көміртегі салығы («carbontax») енгізіледі. Бұл отандық өнімнің экспортын едәуір қиындатуы мүмкін. Жаңа жағдайларға байланысты тауарларға қойы­­ла­тын техникалық регламенттер, стандарттар мен талаптар өзгереді. Президенттің тапсырмасы бо­йынша көміртегін аз пайдаланып, дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Сондай-ақ Үкі­мет электр энергетикасын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны пысықтап, 2035 жылға дейінгі энергиялық теңгерімді әзірлеуде.

Ресейлік осы саланың ғалымы Р.Алиев АЭС-тегі жағдайды авиациялық жағ­даймен салыстырып, түсі­нікті мысал көрсеткен еді. Әуе кемесіндегі орын алған апат туралы барлығы естіп-білгенмен, күнде қаншама рейс ұшырылады. Сонда да ұшақ ең қауіпсіз көлік түріне айналған. АЭС-тен бас тартқан елдерде осы мәселеге қатысты қорқыныш әлі де бар. Мысалы, Чернобыльде болған жағдайдан кейін Италия АЭС құрылысына тыйым сал­ған. Ал Фукусима апатынан кейін Жапония елдегі көптеген стансаның жұмысын тоқтатты. Германия да атомнан бас тартты. Бірақ Ресей, Қытай, Франция, АҚШ елі әлі күнге дейін АЭС құрылысын жалғастырып, олар­ды пайдалануға ерекше ұмты­лып отыр. Ұлыбританияда жаңа 20 энергетикалық блок салу жоспарланған, жаппай электр мобильге көшу мәселесі қолға алды.

Жоғарыда аталған мәселе­лерді қорытындылай келе, мынандай  ой туындайды:

1) АЭС салу және оны жүзеге асыру бойынша инфра­құрылымды нақтылау қажет.

2) АЭС салу құрылысын тә­жіри­бесі бар елдің компания­сына табыстаған жөн.

3) АЭС-ке құзырет­тілігі ж­о­ғары жауапты оператор ретінде арнайы органды бекіту және оған Президентке тікелей есеп беру міндетін жүктеу керек.

 

Ғалымжан Керімбек,

экономика ғылымдарының кандидаты

Басқа жаңалықтар