«Шағын ауылда фитнеспен пайда табамын деу қате. Мақсат ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін қалалықтарға жақындату, жақында бұйырса караоке-бар, диско-бар, бильярд залын ашу жоспарлануда. Неге ауылдың әйелдері сары қарын, салпы етек болулары керек, олар да сұлу, сымбатты, мүсінді болғылары келеді. Біз «ауылдан бәрі көшіп жатыр, жастар келмейді»-дейміз, ал оларға қандай жағдай жасап отырмыз, біздер, үкімет, ауылдың бас көтерерлері, кәсіпкерлер. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар»-демекші, әуелі жағдай жасайық, тек бас пайдамызды ойлай бермей… Осы бағыттағы менің, інім Жалғасбай Мұсабековтің ауылды көркейтуге арналған жобаларымыз бар. Ауылда қанша шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер бар, туған жеріне, пайда тауып отырған жеріне бір тиын шығармайды. Ауылдан шыққан, қалада тұратын қанша жағдайы жақсы адамдар бар, тек ауылға демалуға, көлігін көрсетіп мақтануға келетін, ауылына дым пайдасы жоқ. Кіндік қаның тамған жерге, маңдай терің де сіңуі керек. «Гүлденсе ауыл — гүлденеміз бәріміз», — дейді осы кәсіпке қаражат құйған кәсіпкер Спартак Төремұратов.
Ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға үлес қосуды көздеген бастаманы көтерген Спартактың жұбайы жеті баланы өмірге әкелген «Батыр ана» Жаннат Қожантаева.