Басты тақырып

ҚОС БАТЫР – ҚОС ҮМІТ:ГІР СПОРТЫНДАҒЫ ЖАҢА БИІКТЕР

«Еңбек түбі – береке», – дейді дана халқымыз. Осы бір тәмсіл бүгінде Ойыл жерінің үмітін арқалап жүрген қос жас спортшыға дөп келетіндей. Қазақстан Республикасының жасөспірімдер мен жастар арасындағы гір спортынан өткен чемпионатта екі бірдей өреніміз ауданымыздың мерейін асқақтатты.

2007–2008 жылы туған жасөспірімдер арасындағы байрақты бәсекеде Ойылдан шыққан Сапарғали Рамул Асылбекұлы 58 келі салмақ дәрежесінде серпе көтеруден қарсылас шақ келтірмей, алтын медаль иеленді. Оның бұл жеңісі – тек жеке табыс емес, облыс спортының да жарқын жетістігі.
Ал осы жарыста 58 келіде сынға түскен тағы бір оғлан – Жақсығалиев Жандарбек Азаматұлы күміс жүлдеге ие болып, өзінің мықтылығын тағы бір дәлелдеді. Екі саңлақ та – спорт шеберіне үміткер атағының иегерлері.
Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушысы Жандарбек Жақсығалиев 58 келі салмақ дәрежесінде ІІ орын иеленіп, күміс жүлдені қанжығасына байлады. Бұл – Жандарбектің алғашқы ірі жеңісі емес, болашағынан үлкен үміт күттіретін жарқын қадамы. Оның жеңісі – жаттықтырушысы Нұрасхан Сәрсенғалиевтің тынымсыз еңбегінің де жемісі.
Сапарғали Рамул – гір спортында бірнеше мәрте облыстық әрі республикалық додаларда топ жарып, тәжірибесімен де, төзімімен де дараланған спортшы. Оның жеңісі – жастарымызға жігер, жас буынға үлгі.
Жандарбек Жақсығалиев те өз жолын сеніммен бастаған, болашағынан зор үміт күттіретін талант. Бұл күміс – оның алтынға апарар жолындағы алғашқы баспалдағы ғана. Сапарғали Рамул 2025 жылдың 26–30 сәуірі аралығында Өзбекстанның Қанабат қаласында өтетін Әлем чемпионатына аттанады. Ал Жандарбек Жақсығалиев алдағы мамыр айында Қырғызстан астанасы Бішкекте өтетін Азия чемпионатына жолдама алып, үлкен сын алдында тұр.
«Жас келгенде – жасқана қимылдасаң, кәрі келгенде – қажып қимылдайсың», – деген. Бүгінгі тынымсыз тер – ертеңгі жеңіс кепілі. Жастарымыздың талпынысы – ел спортының келешегінің айнасы.

Related Articles

Back to top button