Экономика

Қолдан егіп қызанақ, құмнан қарбыз шығарды…

Жеміс-жидектің пісіп, бақша өнімдерінің рахатын көретін Тамыз айының берекесі мол. Көктемгі бейнеттің зейнетін сезінетін шақ. Бастапқыда ертерек пісетін Оңтүстіктің қауын-қарбызын еріксіз сатып аласың. Жыл он екі айда сағынтып жететін осынау тәтті де жеңсік көкөністердің сапасы мен бағасына да қарамайсың. Көптің айтуынша сабағынан ерте үзіліп, айшылық алыс жерлерден жол жүріп келетін дақылдардың «селитрасы» да көп болады.  Қашан өзіміздің табиғи өнімдерге қол жеткенше қаужай тұратынымыз рас.

Енді міне, өзіміздің төл өнімімізден де ауыз тигелі айдан асты. Қияр мен қызанақ әркімнің бақшасында болғанымен кешірек пісетін қауын қарбыздың орны бөлек. Сонда да жыл сайын бақша егіп пайда табатын еңбекқор жандар қолжетімді баға, әрі сапалы жаңа тауарларымен тұрғындардың көңілінен шығып тұр. Соңғы жылдары Спартактың өнімі ауданның брендіне айналып, облысқа жол тартқан еді. Қазір әлі де тұрақты қайталанып келеді. Сары домалақ иісі бұрқыраған қауындарына тұтынушылар да тәнті.  Ал, Денис Щестяковтың қып-қызыл қызанағын жұрт қызығып алады. Шағын ғана бақшасымен мол өнім алатын жігіттің саудасы біразға дейін жүреді.  Аудан тұрғындарына былтырдан бері бақша өнімдерін ұсынып келе жатырған тағы бір диқан Темірбек Жауынбаев тұтынушыларын тез тапты. Әсіресе қарбызы тіл үйіріп тұр. Іргедегі өзіміздің құмымызға титтей ғана тұқым сепкен оның қарбызы 20 келіге дейін тартты. Бірақ өзі де тыным таппады. Тәуекел деп тың жерге түрен салды. Биылғы көктемнің салқыны оған біраз кедергі келтірді. Жаңа көктеп келе жатқанда бір түннің ызғары мен желіне үсіп кетті. Бірақ қайсар жігіт қайтпады. Қайталап екті. Уақытының көбін бақшаның басында өткізген оның еңбегі текке кеткен жоқ. Құмнан қарбыз шығарды. Шығарғанда мол шығарды.

Қазақ «не ексең соны орасың» дейді. Ерінбей күтіп баптасаң оның жемісі де көп болмақ. Тәуекелдің тасын жұтқан Темірбектің бақшасы бітік шықты. Өзінің айтуынша тек қарбыздың өзі 30 тоннадай құрады. Оның 20 тоннадайы сатылып кетті. Бүгінгі күні таңертең  қауын- қарбызды лықа тиеп келетін көлігі кешке дейін босап қалады. Ал тұтынушылардың сөзіне қарасақ қарбызы өте дәмді. Сөйтіп сөресін қаланың емес, өзіміздің даланың қарбызымен толтырған Темірбектің табысын таразының басы бір босамайтын тұрғындар қарасының көптігінен көруге болады.

Самат Нарегеев,

Ойыл селосы

Басқа жаңалықтар