ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

ҚАЗАҚТЫҢ АРДА ҰЛЫ АМАН АҒАНЫ

АҚТЫҚ САПАРҒА ШЫҒАРЫП САЛДЫҚ

Биылғы қараша айы шаруа баққан адамға да, малға да жайлы болғанымен, 20-сы күні жеткен қаралы хабар арқамызды қарып кетті. Ұлтымыздың біртуар перзенті, Ресей Федерациясының экс-министрі, Ресей Федерациясы Кеңесінің мүшесі, Ресей думасының депутаты, 20 жылдан астам 3,5 млн-нан аса халқы бар Кемерово облысының губернаторы болған, тарихи тұлға Амангелді Молдағазыұлы Төлеев ағамыздың дүниеден озғандығы туралы суыт хабар жедел жолға жиналуға мәжбүрледі. Ауа-райының алдамшы сәтіне қарамай тәуекелге бел буып, Қазақстаннан Сергей Әзімов ағамыз бастап, Дүйсен, Жанат, Ерсайын, Махамбет, Дана, Хадиша, Бекет, Серік (Ақтау мешітінің наиб имамы) деген азаматтар мен азаматшалар Ресейдің кенді өлкесі Кемеров облысына жеттік.
Сәрсенбі күні Кемерово қаласының музыкалық театрының ғимаратына Кузбасс өңірінің жұртшылығы лек-легімен келіп марқұммен қоштасып, гүл шоқтарын қойып жатты. Екі сағатқа созылған қоштасу рәсімі мен қаралы жиын жүргізушілері облыс басшысына, Дума депутаттарына, еңбек ардагерлеріне сөз беріп, арасында келіп түскен үкіметтік жеделхаттарды оқып тұрды. Ал, қазақстандық делегация атынан белгілі кинорежиссер Сергей Жұмабайұлы Әзімов ағамыз өте керемет сөйледі, жиналған қауым әрбір айтқан сөзін ұйып тыңдап тұрды. Қоштасу сөзін Ана тілімізде аяқтады.
Әрине, қазақ руға бөлінбейді, қазақ рудан құралады. Ру тарихы — қазақ тарихының құрамдас бөлігі. Оны зерттеу, білу бөлінуге емес, бірігуге итермелеуі тиіс. Аман ағаның руы Адай, оның ішінде Балықшы екенін оның өмір деректеріне үңілген адамдар біледі.
Жерлеу рәсімінде жергілікті жердің сценарийін амалсыз бұзып, үлкен ерлік жасап, бізге өзіміздің дініміз бойынша ағамыздың жаназасын шығаруға рұқсат берулерін сұрадық, келісімдерін берді.
Жиналған шағын топ ағамыздың жаназа намазына сапқа тұрып, Серік имамға ұйыды, жаназасын шығарып, құран бағыштады. Ағамыздың жаназасын шығарып, құран бағыштаған кезде жиналған жұртшылық бізге таңданыспен қарап тұрды. Соңынан көпшілігі келіп қолымызды алып алғыстарын айтып, жылы лебіздерін білдірді. Жаназадан кейін асына қатысып, сөз арасында әкесінің Ақтөбе облысындағы Ойылда туғанын, Шардара қаласындағы Мүлкі ата зиратында жерленгені жайында, Амангелді ағамыздың Қазақстандағы бірнеше мешіттер мен өткізілген іс-шараларға демеуші болғаны да айтылып өтілді. Ағамыздың басшылығымен салынған Сібір өңіріндегі ең еңселі Мунира әже (ағамыздың анасы) атындағы мешітке барып, тыныс-тіршілігімен танысып, құранымызды оқып, садақамызды бердік.
Сөйтіп, Қазақстаннан барған арнайы топ адамдық борышымызды өтеп, ағамызды ақтық сапарға аттандырып, аман-есен елге оралдық.
Сәрсенбай ДҮЗБАҒАМБЕТОВ,
Ойыл селосының тұрғыны.

Басқа жаңалықтар