Сұхбат

Ойыл жәрменкесіне 155 жыл

Батыс пен Шығыстың сауда қарым-қатынасын тұрақты байланыстырып отырған, Жібек жолының бойында орналасқан Ойыл өңірінің тарихы терең, орны ерекше болатын. Бұған себеп болған кезінде дала айырбас саудасының дамуына ықтимал еткен Әбілқайырханның, Бөкей ордасында тұрақты сауда қатарларының қалыптасуын ұйымдастырған Жәнгір ханның саясаттарының нәтижесі. 19 ғасырдың ортасынан асқан жылдары орыс пен татар көпестерінің сауда әрекеттері Хиуа, Бұхара саудагерлерінен басым болып келе жатты. Осындай сәтті пайдалана отыра, сауда қарым-қатынасының әрі қарай дамуы, көшпенділерді отырықшылыққа алып келу жолында Жайық жағасынан Омбыға дейін бекіністер салынып, жәрмеңкелер ашыла бастады. 1866 жылы Орал қаласының саудагерлерінің сұраулары бойынша, генерал-майор Романовский Қазбек шатқалында, Калмыковтан 190 шақырым жерде, Ойыл өзенінің жағасында жәрмеңкені ашу туралы және оның пайдасымен бірге өңірде тыныштық орнататынын дәлелдей отыра, Орынбор генерал-губернаторының алдында өтініш жасайды. Генерал-губернатор өзінің № 7181 (29.09.1866ж.) шешімімен өтінішті қолдап, ішкі істер Министрі статс-советник Валуев осы Ойыл жәрменкесінің Ережелерін дайындағанын ескертеді. Ережелер 1867 жылы жарыққа шыққан  «Уральские Войсковые Ведомости» газетінің екінші номерінде жарияланады. Бірінші Ойыл жәрмеңкесінде қандай және қанша тауар сатылғаны, қай жақтан қанша саудагер болғаны, жәрмеңкенің кірісі мен шығысы туралы толық мәлімет «Уральские Войсковые Ведомости» (1868ж. №4) газетінде жарияланған. Соның ішінде көңіл аударар деректердің бірі – сырт саудагерлердің 70% Қазан губерниясынан келген және олар осы жәрмеңкеде 5 мыңнан астам қой, 800 дана ірі қара терісін, 5,5 мың қой терісін, 50 пұт түйе жүнін сатып алған екен. Сатуға айдап келінген мал арасында ауруға шалдыққаны болмаған, -дейді арнайы жәрмеңкеге бекітілген мал дәрігері. Жәрмеңкеде тәртіп орнату үшін шақырылған атты казактар командасының басшысы хорунжий Ранневтің жазбасы бойынша жәрмеңке енді өзеннің жоғары жағына қарай 15 шакырым жерге аударылған. Аудару себебін маңындағы өткелдің ыңғайсыздығымен және жәрмеңке орнын айнала орналасқан адай руының қонысының жайылымына кедергі келтіретіндігімен дәлелдейді. Күзгі жәрмеңкенің ашылу уақыты қыстауға көшу уақытымен тетелес келетіндігін ескере отыра, комитет ол уақытты 1ақпаннан — 15 қыркүйекке ауыстырады. Ранневтің мәлімдемесінен жергілікті тұрғындар ашылған жәрмеңкеге ризашылығын білдіріп, кәсіпкерлер қолдан тас соғып, келесі жәрмеңкеге дейін кішігірім ғимараттарды тұрғызуға кіріскен кен.  Ал, 1869 жылы Ойыл бекінісінің іргетасы қаланып, жәрмеңке Казбек шатқалынан Барқын шатқалына көшіріліп, әйгілі Көкжар жәрмеңкесінің ашылуы сеп болады…

Бұл келесі әңгіменің еншісі. Бізге енді осы Казбек шатқалының географиялық орны туралы дерек, немесе естіген әңгіме білетіндеріңізді хабарласуыңызды сұраймын.

Нұрлан Жұмағалиев,
«Ойыл» ынталы тобының жетекшісі.  

Басқа жаңалықтар