ӘлеуметСұхбат

Қысқа дайындық қалыпты!

Санаулы күндерден соң қылышын сүйретіп қыста кірмекші. Көп те емес, небары бір аптадай уақыт қалды. 2019 жылмен бірге енгелі тұрған доңыз жылы қалай болмақ? Қазекең жақтыра бермейтін жануардың жайлы болуы мүмкін бе? Десе де, қазақ атамыз қай кезде де қысқа қарқынды қамдану керектігін ертеден ескертіп-ақ кеткені бәріне мәлім. Міне бізде «Қыс арбаңды, жаз шанаңды сайла» - деп ата-бабамыз айтқандай, қысқы жол мен жылыту кезеңіне дайындық бүгінде басты мәселенің бірі болғандықтан Ойыл аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Таңат Нұрымгереевпен арнайы тілдескен едік. Ендеше назарларыңызға шағын сұхбатымызды ұсынамыз.

— Армысыз аға! Сіз дамылсыз атқарып отырған жұмыстың жай-жапсары бәрімізге белгілі. Қыстың қытымырына шыдамай жылу іздеген жандар мен жолаушылардың дабыл қағып жататыны жасырын емес. Биылғы жылдың жылыту маусымына дайындық қалай?

— Аудандағы әлеуметтік мақсаттағы нысандарды 2018-2019 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңдегі жылыту маусымына дайындау жөніндегі  іс-шаралар жоспары толығымен орындалып білім беру және денсаулық сақтау нысандары жылумен, газбен, сумен қамтамасыз етіліп аудан әкімінің 2018 жылғы 1қазандағы №368 өкімі негізінде 15 қазаннан бастап жылу беру маусымы басталды.

Дайындық жұмыстары аясында биыл аудан бойынша 32 қазандық, 4 шақырымдық сумен жабдықтау желілері, 10,7 шақырымдық электрмен жабдықтау желілері, 100 әлеуметтік мекемелер ағымдағы жөндеуден өткен.

Отын қорына келер болсақ, әлеуметтік ғимараттардың автономды қазандықтары 3194,3 тонна  көмірмен және 184,5 тонна дизель отынымен толықтай қамтамасыз етілді.

Аудан орталығында 2017 жылдан бастап әлеуметтік нысандарды газдандыру жұмыстары жүргізіліп, 2018-2019 жылғы жылу беру маусымында 15 әлеуметтік нысан газ құбырына қосылды.

Атаулы мереке күндерін қалыпты және қауіпсіз өткізу мақсатында жылу орталықтарында басшының бұйрығымен бекітілген кезекшіліктер ұйымдастырылған.

Ойылға газ кіргенімен, елді-мекендердің бәрі әлі қатты отынды қажет етеді. Қатты отынмен -қамтемелеу жұмыстары қаншалықты жүзеге асырылды?

— Барлық жылу беру орталықтарында қажетті отын қоры жинақталып тиісті жылумен қамтамасыз етілді және отынның орынсыз шығындалмауы бақылануда. Қатты отын қолданатын елді мекендер саны 22 (оның ішінде Ойыл ауылы газдық отынмен де қамтамасыз етілген). Барлық тұрғындар қыс айларында қатты отынды қажеттіліктеріне қарай алып отырады. Аудан халқының көмірге қажеттілігі 4521 тоннаны құрайды. Бүгінде осы көлемнің жеткізілу жұмыстары ұйымдастырылуда.

Аудан бойынша тұтынушыларды сумен, электрмен, газбен  жабдықтауда шектеулер болған жоқ.

— Коммуналдық қызметте қандай өзгерістер бар?

— Тұтынушылардың коммуналды қызметтің бағасының өсуі қалыптасуына алаңдаушылығын болдырмау мақсатында жан-жақты шаралар белгіленіп барынша көңіл бөлініп түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отыр.

— «Жол сұрамай жолға түспе»,- демекші аудан мен ауыл арасын жалғап жатқан жолдар қысқы қатынасқа әбден әзір ме?

— Ойыл ауданы бойынша аудандық маңыздағы жалпы пайдаланымдағы 291,360 км автокөлік жолдары бар. Аудандық маңыздағы автокөлік жолдарында қар басу қауіпі бар 7 учаске (30км) анықталып белгіленген. 2018-2019 жылдардағы қысқы маусымға дайындық жұмысы барысында барлық ауылдық округ әкімдеріне өз аймақтарына қатысты автомобиль жолдарындағы аталған учаскелерге қолда бар материалдармен (тал, қамыс, ши т.б) қар тоқтататын қосымша қалқандар жасау тапсырылып орындалуда. Қыс мезгіліндегі мұздақ пайда болғанда автокөліктердің жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында автокөлік жолдарына қажетті 40 тонна материал (құм) дайындалды.

— Сұхбатымыздың соңында айтарыңыз болса, кезек өзіңізде.

— Қолайсыз ауа райында далада қалған жағдайда аудан тұрғындарына 101 және 112 телефон номерлеріне хабарласу керектігі үнемі айтылып келеді. Әйтсе де бүгінгі сәтті пайдаланып жоғары аталғандай барлық аудан тұрғындарына келеңсіз жағдайлар болдырмау үшін тағы да қайталап ескертемін. Сонымен бірге айта кетсем, қыс кезеңінде аудан аумағында төтенше жағдайдан зардап шеккендерді орналастыру үшін  2017 жылғы 18 қаңтардағы  Ойыл ауданы әкімінің №16 өкімімен 10 жылыту пункті белгіленіп ауылдық округ әкімдеріне аудан әкімі резервінен бөлінген қаржы шегінде зардап шеккендерді ыстық тамақпен қамтамасыз ету ұсынылды.

— Сұхбатыңызға рақмет. Ел аман, жұртымыз тыныш болсын!

Сұхбаттасқан:
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар