Басты тақырыпМәдениет

ТАЛАНТТАРДЫҢ ТОМАҒАСЫН СЫПЫРҒАН КЕШ

Өткен аптаның ортасында домбыраның шанағынан күй төгілткен әсерлі кештің куәсі болдық. Басталуы екі сағатқа таяу кешіккен кештің тек «аяқталуы» да ұзаққа созылып кетті. Әрине, концерт көрерменді жалықтырған жоқ. Тек лебіз айтушылардың легі толастамады...

«Болам деген баланың жолын кеспей, белін бусақ» деген ниетпен «Жақсыны көрмекке» бардық.
Яғни, музыка мектебі домбыра класының биылғы бітіруші түлектері Есет Ерболұлы мен Айсұлтан Жұмабаевтың «Түлектер үні – күй тілінде» атты есеп беру кеші.
Домбыра — халқымыздың көне мұрасы, ұлттық болмысымыздың бір бөлшегі. Оның қос ішегінен төгілген әуен — қазақтың жан сыры, жүрек үні.
Қазақта “Күй — тілсіз тарих” дейді. Себебі күй арқылы ұлттың өткені мен бүгінін, ерлік пен елдікті, сағыныш пен сүйіспеншілікті сезінуге болады.
Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина сынды күй дүлдүлдері артына өшпес мұра қалдырды. Ал, сол мұраны бүгінге жеткізген құйма құлақ таланттар болса, ертеңге жеткізетін осы жеткіншектер. Сондықтан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлттық мұра осындай ұландар барда ешқашан өлмейді. Сол өнерді ұрпақтың бойына дарытып, тәрбиелеп, жол сілтеп жүрген бүгінгі ұстаздардың да еңбегі зор.
Ал, енді кеш иелеріне келсек, дарынды оқушылар Есетті домбыраның әліппесімен таныстырған Бибігүл Қашқынова болса, апайы зейнеткерлікке шығуына байланысты ол жас маман Мұратхан Таңатарұлының класына ауысты.
Ол кезде Айсұлтан да бес жасынан-ақ, Мұратхан Таңатарұлының класына қабылданған еді. Олар аспапты жан-жақты меңгеріп, алғашқы конкурстары мен байқауларға қатысып, нәтижелерін көрсетіп үлгерді. Кейін мұғалімдері қоныс аударуына байланысты екеуі де Салтанат Мерғалиеваның класына ауысыпты. Тәжірибелі жетекші, шәкірт жүрегіне өнер шырағын жағудан жалықпаған Салтанат Тұрғанғалиқызы оқушыларды шыңдап, түрлі конкурстарға қатыстырып, бүгінгі күнге жеткізді.
Талай аудандық, облыстық байқауларда топ жарып, республикалық фестивалдар қатысып, Ойылдың даңқын аспандатқан өрендер есепті кешті Сүгірдің күйі «Ыңғай төкпен» ашып, Қазанғаптың «Ақжелеңін» төгілтті. Күй төгілген кешті Ұлпан Әділханқызы жетекшілік ететін «Алақай» балалар хорының ұлдары «Ақбұлақ» әнімен ірлесе, Айсұлтанның қарындасы Айсұлу да ағаларының кешіне әнмен шашу шашты. Халық күйі «Қарасай Қазиды» Есет жеке орындап өзінің шеберлігін көрсетсе, қобыз класының мұғалімі Жайнагүл Ахмедьяровамен бірге Секен Тұрысбековтың күйімен «Көңіл толқынын» «тербетті». Тағы бір айта кетерлігі Жайнагүл екі балғын күйшінің орындаған күйлерін қобыздың үнімен күңірентіп, ұлы даланың үнін жеткізгендей болды. Арасында Аллагүл Жангелдіқызы жетекшілік ететін Үлгілі “Маржан”би ансамблі мың бұралып, кешті билерімен көмкерді. Музыка мектебінің түлектері арасында Мұратхан Таңатарұлының класын бітіріп, музыкалық білімді жалғастырып, бүгінде еңбекке араласқан түлектерінің бірі, мектеп мақтанышы Ақтөбе қалалық оқушылар сарайының домбыра үйірмесінің жетекшісі Айсұлтан Құспанов та ізбасарларының кешіне арнайы келіп, ырғақты күйлерді төгілткенде, домбыраның шанағынан шыққан әуен мәдениет үйін кернеп кетті.
Айсұлтан Жұмабаев халқымыздың музыка әлемінде өлшеусіз еңбек сіңірген дарынды дирижер, күйші, композитор, Нұрғиса Тілендиевтің тамаша туындылары бірі «Әлқиссаны» орындағанда арқасы қозбаған көрермен жоқ шығар… Ал, күйшілер дамылдағанда Бұлбұл Шәутенованың шәкірттері «Жақсылықта жолығайық» деп көрерменді бір серпілтсе, домбырадан Мұратхан Таңатарұлының класының түлегі, қазіргі таңда Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінің студенті Гаухар Бауыржанқызы да осы концертке арнайы шақырылыпты. Сахнаны күй кернеген кеште Гаухар да ізбасарларының кешінде сағынған жерлестеріне сахнадан күй сәлемін жолдады.
Ал, кеш соңында бірінен бір өткен алты күйші күй тартыспен көрерменнің делебесін қоздырса, жерлестерінің ықыласы гүл болып жауды…
Р.S. Бізде екі шара ешқашан уақытында басталмайды. Оның біреуі – той, екіншісі осы – концерт. Ойылға осы мәдениетті қалыптастыру қиын болып тұр. Ал, өзі түсінбейтін күй кешіне баласын ертіп барғандарды тіпті түсінбедім. Өзіне қажет деп тапқан жерлерін телефонға түсіріп, қалған уақытта телефонын «шұқып» отырған келіншектің баласы концерттің басынан аяғына дейін айналасының берекетін алды. Міне, бұл біздің демалысымыздың «сиқы»! Ащы да болса, ақиқат осы!
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button