Әлеумет
АКЦИЯНЫҢ АРҚАСЫНДА АЗ ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫНЫҢ 32 БАЛАСЫ МЕКТЕПКЕ ДАЙЫН!
Жылдағы дәстүр бойынша 1 тамыз-30 қыркүйек аралығында республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы біздің ауданда кеше Ойыл қазақ орта мектебінде өтіп, оған қатысқан әрбір мекеме басшылары балаларға сый-сияпаттарын табыстады.
Республикалық деңгейде өтіп жатқан акцияның мақсаты — аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ішінен жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармай қалуының алдын-алу. Бүгінгі акцияда аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Сәндігүл Өткелбаева шараның маңызы мен мақсатына тоқталып, балаларды жаңа оқу жылымен құттықтап, толағай табыстар тіледі. Акцияға алғашқы болып үн қатқан облыстық саясаткер әйелдер клубының мүшесі, жерлесіміз Айнұр Қайсарқызының жолдаған «сәлемдеме-сыйын» клуб мүшесі Әсел Қалмұқамбетова 4 оқушыға табыстады. «Мектепке жол» акциясына Ойылдағы мекемелер де өз үлестерін қосты. Толығырақ айта кетсек, аудан әкімінің аппараты, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі, кәсіпкерлік бөлімі, аудандық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімі, аудандық орталық аурухана сынды 31 мекеме әрбір балаға түгелдей оқу құралдарымен қатар, мектеп киімімен де жабдықтап ата-аналарына табыстады.
Ертеңге талпыныс, болашаққа бағдар, игі іске ұмтылыс адамзатқа тән құбылыс. Бүгінгі жасаған жақсылықтарына мекеме басшыларына ата-аналар өз ризашылығын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді. Бұл шараның соңы «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы мәдениет және демалыс орталығы» жанындағы «Үкілі үміт» мүмкіндігі шектеулі жандар клубының мүшесі Гүлсім Елекбаеваға облыстық саясаткер клубының мүшесі Айнұр Қайсарқызының демеушілігімен үйіне арнайы барып тоқыма жіптер табыс етілді. Гүлсімнің қолөнер шеберлігіне тәнті болып, әлі де әртүрлі жіптерді әкеліп беруге уәде етті. Осындай қайырымдылық жасау жақсы көңіл-күй, жаңа қарқын, білімге деген құштарлық әрбір баланың бойына сенім, жанына жігер ұялататыны сөзсіз.
Өміргүл ТЕМІРХАН.