Осы орайда өткен сенбі күні яғни, 8 қыркүйек отбасы күніне орай «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы орталық саябағында «Отбасы-бақыт мекені» атты үлкен мерекелік шара өткен болатын. Шараға еңкейген қариядан бастап еңбектеген балаға дейін белсенді атсалысып бір отбасы ұжымы түгелдей төбе көрсетті. Соның ішінде отбасы құрғандарына жарты ғасырдан асқан Жұмановтар, Аманғосовтар,Тұрғамбековтер,Бақтыгереевтер, Мұхамедияровтар сынды ауданның дамуы жолында еңбек еткен ардагер ата-әжелеріміз шеруді бастап шығып, өздерінен кейінгі отбасыларға үлгі болып жол көрсетті. Айта кетсек, «Өнегелі отбасы», «Ұстаздар мен дәрігерлер отбасы», «Өнерлі және үздік оқырман отбасы», «Спортшы және жас отбасылар» сынды атаулармен шыққан отбасылардың бірқатарына аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы алғыс хаттармен қоса сый-сыяпаттар табыстады. Сонымен қатар мерекелік шара әуезді әнмен жұптарды билетсе, күмбірлеген күй жанымызды балқытты. Келесі кезектегі поэзиялар топтамасы келген қонақтардың жүрегіне жете білді. Расымен де отбасы табиғат сыйлаған кереметтердің бірі. Қызығы мен шыжығы мол өмірдің бақытты сәттер лебі болатыны да белгілі. Осындай сәттердің көрінісін көпшілік қауымға көрсету үшін бақытты отбасылардың сурет көрмесі де бүгінгі шараның төрінен орын алды. Оған бірі таңданса, енді бірі қызығып қарап жатты. Демек бұл біздің ауданымызда үлгілі отбасылар көптігінің куәсі. Білім жағынан да болсын, спорт жағынан да болсын, мәдениет пен өнер жағынан да болсын қалыс қалар емес. Соның дәлелі бүгінгі мерекеде анасы мен баласы, ағасы мен інісі, тіпті ерлі-зайыптылары да өз өнерлерін халыққа , көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Әрмен қарай мерекелік шара жас отбасылар арасында спорттық ойындармен жалғасын тапты.
Өміргүл ТЕМІРХАН.