ОЙЫЛЫМ – ЕРКЕ ӨЗЕНІМ»

Ойыл өңірінің перзенті, Ойыл ауданның құрметті азаматы, Жазушылар одағының мүшесі, ақын, сазгер Жолдыбай Айтқұловтың шығармашылығына арналған аймақтық ән байқауы өтті. Байқауды ұйымдастырушы Қалалық мәдениет сарайының директоры Нұртас Омаровтың айтуынша, өнер додасына қатысуға Ақтөбе қаласынан, Ойыл, Темір, Алға аудандарынан, Атырау облысынан үміткерлер өтініш білдірген.

— «Ойылым — ерке өзенім» аймақтық ән байқауының мақсаты — ақын, сазгер Жолдыбай Айтқұловтың әндерін насихаттау, төл өнерімізді дәріптеу, талантты жастарды қолдау және олардың шығармашылық мүмкіндігін арттыру. Байқау екі кезеңнен тұрады: бірінші кезеңде қатысушылар сазгер Жолдыбай Айтқұловтың шығармашылығынан бір туынды орындаса, екінші кезеңде еліміздің белгілі композиторларының немесе халық әндерінің бірін шырқайды, — деді Н.Омаров.
Қатысушылар Жолдыбай Айтқұловтың «Киелі бабам — ер Шотан», «Сәбиім — сүйкімдім», «Ойылым менің — ойдағы елім», «Құмжарғаным», «Орамал», «Тыңдашы мені», «Елек жағасында», «Берсиевшілер маршы», «Қиылда менің қимасым», «Сәуір самалы» сынды әндерін нақышына келтіре орындады. Әсіресе
Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының әншісі Мержан Қабдоловтың орындауындағы Нұрлыбек Қалауовтың сөзіне жазылған «Сәуір самалы» әні мен Қалалық мәдениет сарайының «Ақтөбе» вокалды-аспаптар ансамблінің әншісі Ернар Алтыновтың орындауындағы «Ойылым — ерке өзенім» әні жүректі тебірентті. Шеберлікпен орындалған шығармаларды қазылар алқасы да жоғары бағалады. Байқау талабы бойынша қатысушылар кезінде халық арасында кеңінен таралған сазгер әндерін заманауи музыкалық өңдеумен, яғни жаңа аранжировкамен жаңаша сипатта орындауы қажет еді. Барлық үміткер үдеден шықты.

Өнер иелерінің орындаушылық шеберлігін қазылар алқасы құрамындағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, ұстаз Марат Әйтімов, мәдениет саласының үздігі, ақын, композитор Орал Байсеңгір, мәдениет саласының үздігі, Қалалық мәдениет сарайының әншісі Ләззат Медетова, Қалалық мәдениет сарайы жанындағы халықтық ұжым — «Наурыз» тобының жетекшісі, әнші Төлеген Ермеков, Ж.Айтқұловтың шәкірті, республикалық байқаулардың лауреаты, әнші Арман Төлесінов сынды өңірдің мәдениет саласының үздік өкілдері, тәжірибелі өнер майталмандары мен кәсіби мамандар бағалады.
— Жолдыбай ағамыздың есімін, шығармашылығын танытайық деудің өзі ұяттау деп ойлаймын. Өйткені ол кісінің есімі мен шығармалары әлеуметтік желі жоқ заманда-ақ елге кеңінен танылған. Ақтөбе өңірінде ең көп таралған ән — осы «Ойылым менің» деген ән. Оны білмейтін қазақ кемде-кем. Жолдыбай ағамыз өте қарапайым адам болған. Ал ұлылықтың бастауы — қарапайымдылықта.
Ойылды елге танытқан адам болса, ол — Жолдыбай ағамыз. «Ұлы өзен үнсіз ағады» — дейді. Ойыл, Жем, Сағыз — жай ғана ағатын, бірақ ән арқылы даңқы елге тараған өзендер. Енді біз сол Жолдыбай ағамыздың шығармашылығын одан әрі дәріптеп, насихаттауымыз керек, — дейді қазылар алқасының мүшесі Орал Байсеңгір.
Байқауға Жолдыбай Айтқұловтың балалары да арнайы келді. Ұл-қыздары әке шығармашылығын дәріптеуге арналған ән мерекесіне толықтай өздері қаржылай демеушілік жасапты. Ақтөбенің ақпарат саласында ұзақ жыл еңбек еткен журналист Гаухар Айтқұлова халық арасында кеңінен таралған әндері арқылы танылған әкесі туралы жылы естеліктерімен бөлісті.
— Әкем — ешқашан марапат қумаған адам. Қоңыр мінезді, қанағатшыл, мақтан сүймейтін, қарапайым жан еді. Оның ең үлкен марапаты халықтың махаббаты болды. Әкем отбасындағы жалғыз ұл еді, атамыз Алматыда оқып жатқан ұлы ертең артист болып, елге келмей қояды деп уайымдап, «әкең қайтыс болды» деп Алматыға хабар жібереді. Әкем жүрегі ұшып, асығып жетсе, атам түйесімен аулаға кіріп келе жатыр дейді.
Осы сапарында Алматыдағы республикалық «Гүлдер» ансамблінде еңбек етіп жүрген әкем ауылда, қара шаңырақта қалуды ұйғарады. Әкем алаңсыз шығармашылықпен айналысуы үшін тірліктің барлық ауыртпалығын анам өз мойнына алды, балаларды тәрбиелеу, қарт әке-шешеге қарау, үй тірлігі — барлығы анамның мойнында еді. Әкемнің қолына алған ең ауыр заты қалам болған шығар. Біз отбасында алты баламыз. Өкінішке қарай, анам ерте — 59 жасында дүниеден өтті. Барлығымызды аяқтандырып кетті. Бүгінде екі ұл, төрт қыз — бәріміз түрлі салада қызмет етіп жүрміз, — дейді ол.
Жолдыбай Айтқұлов бала кезден өнерге жақын болған, өлең, ән жазып, бірнеше музыка аспабын шебер меңгерген. Орта мектеп бітіргеннен кейін Алматыдағы республикалық эстрада-цирк студиясында, «Қазақфильм» жанындағы кешкі актерлік шеберхананың дубляж цехында білім алады. Елімізде тұңғыш құрылған республикалық «Гүлдер» ансамблінде, қазіргі Жамбыл облысындағы «Жас толқын» эстрадалық ансамблінде артист-орындаушы болып қызмет атқарады. Отбасы жағдайына байланысты Алматы консерваториясының кешкі бөліміндегі, Шымкенттің Әл-Фараби атындағы мәдени-педагогика институтындағы оқуын аяқтай алмаған ол кейін Ақтөбе педагогика училищесін, Қ.Жұбанов атындағы педагогикалық институтын бітіреді.
— Әкем туған жеріне көп еңбек сіңірді, ауылда музыка мектебін ашуға атсалысты. Ойыл музыка мектебінің филиалында шәкірттерге домбырадан сабақ берді. Оған қоса бірнеше мектепте үйірмелерде балаларға өнер үйретті. Ауылда, ауданда ұлт аспаптар оркестрінің құрылуына ұйытқы болды. Берсеевте де, Қараталда да балаларға арналған музыка мектептерінің дамуына үлес қосты. Мектепте ұстаздық етті, ауылда тұрса да, түрлі деңгейдегі өнер байқауларына қатысып, жүлде алды. Әкем — елуден аса ән-күйдің, сахналық қойылымдардың авторы. «Ойылым — ерке өзенім» әні 1980 жылы Алматы қаласында өткен республикалық әуесқой сазгерлер конкурсында жүлде алып, Қазақ радиосының алтын қорына жазылды,— дейді Гаухар Айтқұлова.

Байқаудың екінші кезеңінде қатысушылар Қазақстан композиторларының, халық әндерін орындады. Көрермен «Екі жирен», «Ақ Жайық», «Айқаракөз», т.б. әндерді тыңдап, бір жасап қалды. Қатысушылардың ешқайсысы да жүлдесіз кетпеді.
Ж.Айтқұловтың шығармашылығына арналған ән байқауында бас жүлде және 500 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйақы Атырау облысынан келген Мержан Қабдоловқа бұйырды. Бірінші орын және 300 мың теңгелік жүлде ақтөбелік Ернар Алтыновқа берілді. Екінші жүлде және 200 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйақыға Темір ауданынан келген Әкімжан Шәкіров пен Атырау облысы Индер ауданынан келген Мұратбек Жұмашевтың өнері лайық деп танылды. Ақтөбелік Сағит Ерланұлы мен Ермек Теңелбаев үшінші орын алып, қанжығасына 150 мың теңгелік жүлдені байлады. Ешбір адам сыйсыз кеткен жоқ. Жалпы жүлде қоры — 2 миллион теңге қатысушыларға түгел таратылды. Қаржылай демеушілік көрсеткен Айтқұловтар отбасы әрбір қатысушыға деген алғысын осылай жеткізді.
— Қатысушылардың барлығы да өте жоғары деңгейде дайындықпен келіпті. Әкем тірі болғанда, осы жаңа өңдеудегі өз әнін тыңдағанда риза болар еді деп ойладым. Әр әнші әкемнің бір-бір әнін орындап, өз репертуарына қосты. Яғни әкемнің әндерінің «екінші ғұмыры» басталды. Енді әншілердің жүрген жерінде әкемнің әні орындалатын болады. Біздің де мақсатымыз осы еді.
Болашақта бұл байқауды екі жыл сайын жалғастырсақ деген ой бар. Оны уақыт көрсетеді. Бастысы, әкеміздің әндері халық жадынан өшпесін деген ниет.
Әкеміз Ойыл өңіріне көп еңбек сіңірді, аудан тұрғындары тарапынан көшеге не Мәдениет үйіне есімі берілсе деген тілегі бар, әрине, халықтың мұндай бастамасын отбасымызбен қуана қолдар едік. Әкем — Ойылдың тарихын, мәдениетін, тау-тасын, өзен-көлін жырына қосып кеткен жан. Біз қазір оның мұрасын жинақтап, реттеп, дайындап жатырмыз. Уақыты келгенде бәрі жарық көреді, — дейді Г.Айтқұлова. Ол осы байқауды жоғары деңгейде өткізуге мұрындық болған Қалалық мәдениет сарайы ұжымына, байқауға жоғары дайындықпен келген қатысушыларға және әділ бағасын берген қазылар алқасына Айтқұловтар атынан алғысын білдірді.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



