БЕКЗАТ МҰХАНБЕТОВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СПОРТ ШЕБЕРІ
Жерлесіміз Ойыл балалар–жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы, самбо спортынан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Бекзат Жұмабергенұлы биылғы жылы зор табысқа қол жеткізді.

2025 жылы Алматы қаласында өткен «Ақ бидай» республикалық VIII ауыл спорт ойындарында Бекзат Жұмабергенұлы қазақ күресі бойынша үздік өнер көрсетіп, жарыс жеңімпазы атанды.
Спортшының ерен еңбегі мен жоғары шеберлігі лайықты бағаланып, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің 2025 жылғы 8 желтоқсандағы №281 бұйрығына сәйкес оған «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағы берілді.
Бұл – тек жеке спортшының жетістігі ғана емес, Ойыл өңірінің, жергілікті спорт мектебінің абыройын үстем еткен маңызды оқиға. Бұл жылдар бойы төгілген тердің өтеуі. Жасынан талмай жаттығып, жастарға үлгі болып жүрген Бекзат Жұмабергенұлын шын жүректен құттықтаймыз! Жерлесіміздің жетістігі – барша ойылдықтар үшін қуаныш әрі мақтаныш!



