Әлеумет
Дрон — «Jhas Project-тің» кезекті сыйы
Қазір ғылым мен техниканың жаңалығы көз ілеспес жылдамдықпен таралып жатыр. Бір-екі жылдың турасында ауданға облыстық телевидениенің түсіру тобы келгенде әуеде ұшып жүрген аппаратты көріп таң қалғанымыз рас. Бақсақ, ол әуеде қалықтап жүріп түсіретін «Дрон» деген аппарат екен. Оның ерекшелігі сізді бірнеше шақырым биіктіктен түсіре алады.
Осындай заманауи құрылғы енді Ойыл ауданында да бар. «JHAS PROJECT» жобасы бойынша жастарымыз тағыда тың идеяны жүзеге асырды. Мемлекеттің тегін берілген мүмкіндігін пайдалана отырып ауданымызға әлі қолданыста жоқ құрылғы «Дронды» әкеліп Ойыл ауданын әзірше кешкі көрінісімен табиғатын түсіріп халыққа насихаттауда. Бұл жобаны іске асырушылардың лидері Айдана Табынбаева былай дейді: «Жалпы бұл идеяны әуел бастан өзім ойлап жүргенмін. Бірақ мен оны өз қаражатымнан алсам деп ойланып жүргенде «JHAS PROJECT» жобасының қаржылай көмек беріп жастарды қолдап жатқанын естідім. Содан бұл идеяны Мейірман Сейлхановқа айтып көріп едім, ол мені бірден қолдады. «JHAS PROJECT» жобасының шарты бойынша үш адамнан топ болу керек болғасын Еркебұлан Қарасайды қасымызға қосып алдық. Міне, осылай үшеуміздің ойымыз бір жерден шығып, қазіргі таңда жаңа құрылғы «Дронмен» жұмыс жасаудамыз. Алғашқы уақытта Ойыл ауданын табиғаты мен күндізгі және кешкі көрінісін түсіруден бастап жатырмыз. «Дронның» ерекшелігін айта кетсем, 500 метрге биіктікке көтерілсе, 7 шақырымға дейін қашықтықты қамтып түсіре алады. Алдағы уақытта тойларға шығып, тегін қызметтер көрсетеміз. Біз әзірге алғашқы траншпен түскен 500 мың теңгеге тек «Дронды» алып отырмыз. Ал кейінгі жарты ақшасына фотопарат пен видео камера аламыз деген ойымыз бар. Содан кейін тіпті ауыл аймақтардағы тойларға, жиындарға тағы басқа мерекелік кештерге де қолымыздан келгенше барамыз» — дейді.
Өміргүл ТЕМІРХАН.