ӘкімдікБасты тақырып

Сенаторлар жолдауды түсіндіріп, ауданмен танысты

5-ші Қазан күні Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған «Халықтың әл-ауқатының өсуі, табыс және тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында кеше ауданымызға Қазақстан Республикасы Сенатының депутаттары келді.

Оларды алдымен ауданның кіре беріс қақпасынан күтіп алған аудан әкімі Дастан Сағыров жұмыс сапарын жол бойындағы Саралжын ауылынан бастады. Ә.Дербісалин атындағы орта мектептің жайымен танысып, ұжыммен кездесті. Әр кабинеттерді аралаған Сенат депутаттары әр сыныпқа бас сұғып оқушылармен жүздесті. Жоғарғы сыныпта оқып жатқан болашақ түлектерден қай оқу орнына баратынын, қандай мамандықты таңдайтынын сұрады. Астанадан келген лауазымды қонақтар жалпы мектептің құрылысы, тазалығы мен ауланың ажарына қарап мектеп басшылығына ризашылығын білдірді.

Сенаторларға біздің өңірдің жайы белгілі. Сенат депутаты Мұхтар Жұмағазиев бұдан 7 жыл бұрын Ойыл ауданының әкімі болғандықтан күрделі мәселелер оған жақсы таныс. Ол сол кездегі жағдаймен салыстыра отырып қазіргі көз көрген жетістіктерді айтып берді:

«Біздер бір жағынан Президент тапсырмасы ауылдық жерлерде қалай орындалып жатқанын көруге келдік. Қарап отырсақ, бұдан 5-10 жыл бұрын арман болған жол, ауыз су, көгілдір отын ауылдарға кіріп, игілігін көріп жатыр екен. Ал ауылдағы мектептің жайына келсек, керемет деп айтуға болады. 15 түлектің төртеуі алтын белгіге үміткер болса, бұл жақсы көрсеткіш. Біздің негізгі міндетіміз — сол жастарды нарық уақытына қарай бейімдеуіміз керек. Ауылға қажетті мамандықты оқытып, бағыттасақ, маман тапшылығы шешіледі» — деп ауылдың ахуалына жақсы баға берсе, бұған дейін ауданымызда жұмыс сапарымен бірнеше рет келген Сенат депутаты Марат Тағымов: «Президентіміз Жолдауында ауыл мұғалімдерінің мәртебесін арттыруға мән беріп отыр. Мен сіздерге қарап қазіргі уақытта жас мамандардың көбейгенін, әсіресе жас жігіттердің қатары өскенін байқап отырмын. Өмірлік тәжірибемнен ұдайы айтып жүремін. Қала мектептерінде оқыған баладан гөрі ауыл мектебінде білім алған бала әлдеқайда сауатты, пысық, мәдениетті, ұстанымы, тәрбиесі бір табан артық. Қазір ел тізгінін ұстап, әр салада жауапты қызмет атқарып жүрген азаматтардың дені ауылдан шыққан, ауыл мектебінде оқығандар. Ал білім мен тәрбиенің фундаментін ауыл ұстаздары қалыптастырады. Сондықтан сіздердің ұжымдарыңызға қарап көңілім толып отыр» — деді.

Ұстаздармен кездескен жиында мұғалімдердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жалпыға ортақ мәселені ауыл әкімі Абат Қаратауұлы көтерді. Ол, ауыл мұғалімдерінің статусы көтерілсе, — дейді.

Сенат депутаттары бұл ұсынысты құптап, заңдылықтарын қарайтынын айтты.

Одан кейін мәртебелі меймандар аудан орталығына ат басын бұрып, аудандық ішкі істер бөлімінде болды.

Қауіпсіздік — тұрмыс сапасының ажырамас бөлігі болғандықтан Елбасымыз «Құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет» екендігіне баса тоқталды. Сондықтан сенаторлар аудандағы ішкі істер қызметкерлермен ашық жүздесіп, жасалынып жатқан жұмыстарына шолу жасады. Алдағы уақытта «Ішкі істер органдарын жаңғырту» жөніндегі реформаға байланысты қосатын қандай да бір ұсыныс-пікірлері болса, жоғары жақта қаралатындығын жеткізді.

Жолдауда жалақысы көтерілген ақ халаттылардың жайын білуге орталық ауруханаға барған депутаттар ондағы жаңа технологиялар мен білікті дәрігерлердің көбейгенін көрді.

Әсіресе жас мамандарға көңіл бөліп, олардың әлеуметтік жағдайларын сұрады. Ауданның бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев әр кабинеттерді аралатып, дәрігерлердің жұмысымен таныстырды. Сонымен қатар әр жеке адам үйде отырып-ақ алуға тиіс дәрігерлік қызметті элоктронды түрде пайдаланудың қалай жүзеге асып жатқанын көрсетті. Сапар соңында депутаттар жаңадан ашылғалы жатқан иппотерапия алаңында болып, жалпы аудандағы барлық саланың қарқынды дамып келе жатқанын өз көздерімен көріп, аудан басшылығына, әр саланың жүгін арқалап жүрген азаматтардың жұмыстарына оң баға беріп, сәттілік тіледі.

Самат НАРЕГЕЕВ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар