Әлеумет

Әлеуметтік қызметкер әлі де керек!

Әлеуметтік қызметкер халықтың қорғалмаған топтарына моральдық және құқықтық қолдау көрсетуді қоса, тұрмыстық жағдайларда көмек көрсететін маман. Адамдармен қарым-қатынас жасайтын жұмыс болғандықтан асқан сабырлылық қажет. Сонымен бірге олардың бойында қайырымдылық, жанашырлық, көпшілдік, ұқыптылық, адалдық және ұйымдастырушылық қабілеттері болуы тиіс. Міне осындай қасиеттерді бойына жиған жандардың бірі Елена Майко. Әдептілік пен ұстамдылық қасиеттерін жадынан шығармаған Елена Васильевна айтулы салада қызмет етіп келе жатқанына ұзақ уақыт болмаса да өз жұмысын жақсы біледі. Алғашында жалғызілікті бір адаммен жұмысын бастаса, қазір 5 адаммен жұмыс жасайды. Бәрінің көңілін аулап, барлығына бірдей өз отбасын күткендей үнемі жанашырлықпен қараудың арқасында олардың батасын алып жүр. Елена бұл жұмысты бастағанда қиындықтар көп болғанын жасырмады. Әйтседе жасы ұлғайған сайын үлкен кісілердің мың құбылып отыратынын білді. Сондықтан сабырлылық пен шыдамдылық шеңберінен шықпауға тырысты. Қазір олармен етене тіл табысып кеткен Елена Майко өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Кейде белгіленген уақытпен санаспай әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың жанында көбірек болуға барын салады. Біз әлеуметтік қызметкерлермен арнайы тілдесуге барғанымызда Елена Васильевнаны әлеуметтік көмекке мұқтаж ардагер қарт Жаңыл Тумышеваның үйінен кезіктірдік. Сексенге құлаш сермеген қарт ананың қозғалысы тың. Аздап бір аяғы ауыратыны болмаса көңілі ширақ екен. Өмірінің қырық жылға жуық уақытын селхоз техика саласына жұмсаған Жаңыл әже жыл сайын санаторияларға барып емделіп тұратындығын және өмір жолынан көбірек сыр шертті. Сонымен бірге «Жанашырлыққа жан риза» демекші қасында қамқорлық танытып жүрген әлеуметтік қызметкер Еленаға шексіз алғысын білдірді. Оның өз ісіне мығым маман екендігін мақтан ете отырып, үнемі жанашырлық танытатын да ашық жеткізді. Ардагер анамыз сөз соңында «Жасым үлкейгесін алыстағы санаторияларға бару өте ауыр, егер мүмкіндік болса өзіміздің облыстан, Алға сияқты жақындау жерлерге барып емделіп, дем алғым келеді. Жас ұлғайған сайын ауру, сырқау жабыса береді екен. Оның үстіне жасы үлкен адамдарды ауруханамыз қарауға міндетті емес. Әйтсе де бүгінгі күнімізге шүкіршілік етеміз» — деді. Мінекей көпшілік біле бермейтін әлеуметтік қызметкердің әр күні осындай қамқорлық танытып, көмекке мұқтаж жандарға жанашырлық танытумен өтеді. Ендеше барша әлеуметтік қызметкерлерді келе жатқан мерекелерімен құттықтай отырып, бастарына амандық, жұмыстарына толағай табыс тілейміз.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар