ШАБЫНДЫҚҚА ОРАҚ ТҮСТІ, ШАМАМЫЗ ҚАНША?

Көктемнің ерте шығуы халықты қуантқанымен, қардың тез кетуі, сәуірдің жаңбырсыз өтуі шаруаларды ойландырып тастаған еді. Алайда, мамыр-маусым айларындағы жаңбыр көктемгі күдікті сейілтті. «Жаңбыр жауса — жер ырысы» — деген осы екен. Шөлейт аймаққа жататын біздің өңірде бұрын маусымның шөптің буыны қатып, дала сарғайып кететін. Биыл олай емес. Әлі көк майса болып тұр. Орақтарын сайлаған шаруалар алақандарын ысқылап отыр.
Өйткені, алдағы қысқа түсетін барлық мал санына орай жобамен ауданға 138057 тонна ірі сабақты мал азығы керек. Бұл санды ғылыми негіздемелерге сүйеніп, сөйлететін болсақ, мәселен бір бас ірі қараға мал қыстату маусымына 18 центнер шөп керек. Ал, ауданда 41130 мүйізді ірі қара қысқа түсуі мүмкін. Демек, қолдағы ірі қараның өзін қыстан алып шығу үшін 74034 тонна шөп керек екен. Ал, 131885 қой-ешкіні қыстан шығаруға 47479 тонна шөп қажет. Мұның сыртында ауданда соңғы жылдары өсімі елеулі қарқын алған 23200 бас жылқы бар. Ол жылқылардың қыстан қысылмай шығуы үшін 16240 тонна ірі сабақты азық керек. Шаруашылықтарды айтпағанда, ауданда мал азығы керек 2670 аула бар.
Соңғы жылдары мал азығының сапасына аса мән берген шаруалар суармалы алқапқа да ден қойып отыр. Мәселен, Көптоғай ауылдық округінен «Досым» шаруа қожалығы 200 га, «Шеркеш» шаруа қожалығы 150 га жерге, Қараой ауылдық округінен «Кете» шаруа қожалығы 300 га, «Барыс» шаруа қожалығы 250 га жерге, Ойыл ауылдық округінен «Көптілеу» шаруа қожалығы 10 га жерге және жеке кәсіпкер Нұрлан Маханов 10 га жерге судан шөбін екті. «Көптілеу» шаруа қожалығы сонымен қатар 10 га жерге сорго шөбін егіп, өнімін күтіп отыр.
Жалпы аудан 422 трактор болса, оның 156-сы жаңа техникалар. Қолда бар техниканың 80 пайызы техникалық байқаудан өткізіліп, маусымдық жұмысқа дайын тұр. Мал азығын дайындау жұмысына аудан бойынша 137 техника қатысады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде 20 трактор, 35 тіркеме, 30 шөп шабу, 29 тырма, 23 шөп буу агрегаты бар. Ал, мал азығын тұрғындарға тасымалдау үшін арнаулы автокөліктері бар кәсіпкерлермен келісім-шарттар жасалып жатыр.
Бүгінгі күні қырлыққа орақ түсті. Бес бригада жұмысын бастады.
С.ХАМЗИН,
Ойыл селосы.



