ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ – ЕҢ БИІК МӘРТЕБЕ

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні мен Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты шара аудандық мәдениет үйінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мерекелік кеш мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау саласының қоғам өміріндегі айрықша орны мен жауапкершілігін айшықтайтын мазмұнды бейнеролик пен әсерлі театрландырылған композициямен ашылды. Жиында аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы құттықтау сөз сөйлеп, ел игілігі жолында адал еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер мен полиция саласының үздік өкілдеріне құрмет көрсетті. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, жоғары кәсібилік танытқан бірқатар азаматтарға марапаттар табысталды. Кәсіподақ ұйымы тарапынан да қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген мамандарға алғыс білдіріліп, арнайы сый-құрмет көрсетілді. Қазақстан полициясы күніне орай қоғамдық тәртіп пен ел тыныштығын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан тәртіп сақшылары да марапат төрінен көрінді. Олардың халық қауіпсіздігін сақтау жолындағы қажырлы еңбегі ерекше аталып өтті.
Мерекелік шара аясында мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің ант қабылдау рәсімі ұйымдастырылып, жас мамандар Қазақстан Республикасының Конституциясы алдында Отанға адал қызмет етуге серт берді. Кеш соңы ән мен күйге, би мен өнерге ұласқан концерттік бағдарламамен жалғасты. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан ардагерлерге құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталды. Тағылымы мол басқосу ел мүддесіне қызмет етуді өмірлік ұстаным еткен азаматтарға деген зор құрметтің көрінісіне айналып, адал еңбек пен жауапкершіліктің қадірін тағы бір мәрте айшықтады.
Өз тілшіміз.



