Әлеумет

ТУҒАН ЖЕРДІ ТҮЛЕТКЕН

Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 35 жыл толады. Тәуелсіздік бәрінен қымбат десек, ал тәуелсіздікті енді ғана алған өтпелі кезеңдегі ауыртпалықтарды жеңу, бұрынғы үйреншікті тірлігінен, үйреншікті соқпағынан ажырап, қалың тұман арасында қалғандай күй кешкен жұртты жаңа өмірге жұмылдыру, күн сайын тек қиыннан қиыстырып қана жолы табылатын сандаған мәселемен бетпе-бет келу мүлде оңайға түспегенін де ұмытпау керек. Бұл орайда әсіресе қазіргі аға ұрпақтың жөні бөлек. Бүгінгі кейіпкеріміз — «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Ойыл ауданының құрметті азаматы» Ғазиз Займолдаұлы да тәуелсіздікті нығайту жолындағы жылдардың тарихы түгенделер тұста біздің өңірімізден есімі алдымен аталуға тиіс азаматтардың қатарынан деп білеміз.

Ол көп жыл бойы бұрынғы кәсіптік училищенің, кейінгі лицейдің, бүгінгі колледждің директорының орынбасары, одан соң басшысы болып, тізгінін ұстаған оқу орнының кейіннен тығырыққа тірелген тұтас бір ауданның қайта еңсе көтеру, алға ұмтылу алаңына айналуы тіпті де тегін емес еді.

Балалығы соғыстан кейінгі жұпыны жылдармен тұспа-тұс келген Ғазиз еңбекқорлықтың, табандылықтың үлгісін өз ата-анасынан көріп өсті. Облыстың орталығынан шалғай жатқан туған ауылы Қараой — қарапайым да қайсар, қандай ауыртпалықты да тек еңбекпен жеңіп үйренген берекелі жандардың мекені болатын. Әкесі Займолда Жұмалыұлы Ұлы Отан соғысынан оралғаннан кейін, колхозда ферма меңгерушісі, егісте, мал азығын дайындайтын бригадада жетекші болды, кейіннен совхозда бригадирдің көмекшісі болып еңбек етті. Анасы Қалима сиыр фермасында сауыншы еді. Сауылып, тартылған сүтті таң атпай Ұлы Отан соғысының мүгедегі Мұхит Омаров өгіз арбамен колхоз орталығына әкетеді. Соған үлгеру үшін сауыншылар түн ортасынан әбігерге түсетін.

Ол заманда колхоздың таусылмайтын қыруар шаруасына ересектермен бірге балалар да үлкен жауапкершілікпен қарап, шыңдалып өсетін еді. Ғазиз Займолдаұлы да еңбекке ерте араласты. Сиыр фермасында бұзау бақты. Тың игеру жылдарында өзі құралпы балалар секілді егісті күзетті. Мектепті бітірген жылы құжаттарына байланысты жоғары оқу орнына барып, бақ сынауға үлгермеді. Әкесінің қасында қырманда еңбек етіп жүрген жерінен, қыста аяқ астынан мұғалім керек болып, мектепке орналасты. Қайыржан Мұхтаров, Әтшібай Тіржанов, Қален Тоқмағамбетов, Ханбибі Мұқашева, т.б. ұстаздардың тәрбиесімен білім беру ісіне біржола бет бұрды. Кейіннен Оралдағы А. Пушкин атындағы педагогикалық институтты бітірді.

Туған ауылында мұғалім бола жүріп, қоғамдық негізде мектептегі бастауыш комсомол ұйымының хатшысы және совхоздың комсомол ұйымы хатшысының орынбасары қызметін де атқарды. Осы жылдары ауыл жастарын мерекелерді жаңаша, мазмұнды атап өтуге, түрлі үйірмелер ұйымдастыруға, аудан, облыс көлеміндегі жарыстар мен байқауларға қатысуға, совхоз орталығында саябақ ашу ісіне атсалысуға, т.б. жұмыстарға жұмылдырып, өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен танылды.

1971 жылы Ғазиз Займолдаұлы облыстық комсомол комитетінің ұсынуы бойынша Ойыл аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Осы қызметтен кейін, аудандық партия комитетінде партиялық-ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы болып еңбек етті. Ал 1976 жылы Ойыл орта кәсіптік-техникалық училищесі директорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.

Кеңес билігі шаруа мен жұмысшы табының мәртебесін бәрінен биік деп жариялағанымен, өткен ғасырдың 70-80-жылдарына тұспа-тұс келген тоқырау кезеңінде қоғамда шаруа, жұмысшы мамандарын даярлайтын оқу орындарына салғырт көзқарас қалыптаса бастады. Тіпті мектептегі үлгерімі төмен, тәртібі нашар балаларға мұғалімдер: «8 класты әупірімдеп бітір де, кәсіптік-техникалық училищеге бар» — деп, нақ бір үкім айтқандай, кесіп айтып, құлағына құя беретін. Ойылдағы училищенің де жағдайы төмен еді. Жаңа ортаға келген жас маман алдымен облыс орталығындағы кәсіптік-техникалық училищелерге барып, тәжірибе жинауды көздеді. Ақтөбеде облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасының басшысы оны түсіністікпен қабылдап, қалалық №107, №100 училищелерге бағыттады. Осы оқу орындарындағы жұмыстармен, іс-қағаздармен танысып, үш күн тапжылмай отырып, керек қағаз-құжаттарды көшіріп те алды.

Жаңа қызметінде алдымен тәртіпке көңіл бөлді. Училище жатақханасында тұратын оқушылардың ішімдік ішіп, есік-терезе сындырып, жүгенсіз кеткеніне мұғалімдер мен жатақхана кезекшілерінің еті үйренген. Кейбірі: «Осы балалар бізді зейнетке абыроймен жеткізер ме екен?» — деп уайымдайды. Енді директордың орынбасары таңертең ерте келіп, бәрінің сабаққа қатысуын, ал кешкісін міндетті түрде шағын жиын өткізіп, ұйқыға уақтылы жатуын күн сайын қадағалайтын болды.

Аудандағы барлық елді мекенді аралап, ата-аналармен жұмысты жолға қоюға күш салды, сондай-ақ училищеге басқаларға үлгі бола алатындай, жақсы оқушыларды да тартуға тырысты. Мысалы, сегізжылдықты жақсы бітіріп келген Асқар Аймұқатов училищеде үш жыл бойы Ленин комсомолы стипендиясын алып, үздік оқыды. Ленин комсомолы стипендиясы қомақты, әрі сирек тағайындалатын, ілуде біреудің ғана қолы жететін өте абыройлы шәкіртақы еді.

Осындай жұмыстар нәтижесінде жергілікті тұрғындардың арасында училищеге деген көзқарас та өзгере бастады. Оқу орны жыл сайын 150 оқушы қабылдауға тиіс болатын. Ал бұл тапсырма 1979-1980 оқу жылында алғаш рет орындалды.

1993 жылы Ғазиз Займолдин училищенің директорлығына тағайындалды. Сол кезең туралы көзбен көргендердің естелігіне жүгінсек, «Ақтөбе» газетінің журналисі Аманғос Орынғалиұлы былай деп жазыпты: «Аз уақыттың ішінде селолық училище жоғары кәсіптік-техникалық лицейге айналды. Уақыт талабына сай жаңа мамандықтар беретін болды. Бұрынғы мал, егін өсірумен айналысатын қосалқы шаруашылық нығая түсті. Халыққа қызмет көрсетудің түрі ұлғайды. Жем-шөп сатумен шектелмей… Москвадағы «Зенит» зауытынан бірнеше миллион теңгеге қуатты диірмен әкелініп, қондырылды. Ол енді сменасына бір тонна бидай тартып, 1, 2-сортты ұн шығарады. Аудан бір ұрттам бензин таба алмай жатқанда, ол өз алдына жеке мұнай базасын ашып алды… Жақсы көлік, өнерлі той, жайлы асхана — түгел осында.

Ойылда осы оқу орнына оқуға түсу, тіпті сыпырушы, не жай механизатор, не шофер болып жұмысқа тұру бәсекеге, арманға айналды. Студентке жоғары мөлшерде стипендия төлейді, мұғалім, жұмысшы, қызметкер уақтылы жалақы алады».

Халық күн көріп келген негізгі сала — мал шаруашылығы тұралаған, астығы, мұнайы, пайдалы кені жоқ ауданның жағдайы осы тұста құлдырағаны соншалық, тіпті аудандық әкімдік те жылусыз отырды. Ауылдарға жарық беру тоқтап, электр сымдары, бағаналар ұрлана бастаған. Тұқым тапшылығы себепті көктемгі егістің жайы үлкен уайымға айналған. Мал ұрлығы өршіп тұрды. Көптеген отбасылар шаруашылықтар тарағанда үлеске алған малын арзанға сатып жіберіп, күнкөріс көзінсіз қалған. Халық уақтылы жалақы, зейнетақы алу дегенді ұмытқан.

1997 жылы 17 ақпанда Ғазиз Займолдин Ойыл ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. Оған тез арада ауданның әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалына талдау жасап, даму бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. Сонымен бірге бір аптаның ішінде аудандық әкімдік ғимаратының жылу жүйесін қалпына келтіруге тапсырма берілді. Бұл тапсырмалар уақтылы орындалды, алайда өзі жоспарлағандай, алғашқы күндерде осы істермен ғана айналыспай, қабылдауына сұранған тұрғындардың арыз-шағымымен жұмыс істеуге де тура келді. Халықтың көбіне сұрайтыны — азық-түлік…

Бұл бірден-ақ көктемгі егістің жайын ойлауға мәжбүрледі. Тұқым тапшылығы өз алдына, жанар-жағар май да жоқ еді. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, азық-түлік корпорациялары: «Ойыл ауданы егін егуге тиімді емес. Мемлекеттің көмегі текке кетеді», — деп, жолатқылары келмеді. Сол кездегі облыс әкімі Аслан Мусиннің қабылдауына барып қана, 500 тонна бидай тұқымы алынды. Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы 5 тонна тары тұқымын тегін берді. Көктемде аудан шаруалары 20 000 гектар жерге егін екті. Аудан орталығының тұрғындары бау-бақша егуге жұмылдырылды. Сол жылы егін де, бау-бақша да бітік шығып, мол өнім жиналды. Кейбір шаруашылықтар гектарынан 18 центнерге дейін өнім алды.

Басты жұмыс халықтың үмітін оятып, қарекет етуге жетелеу еді. Бұл мақсатты іске асыруға ардагерлер шақырылды. Ы.Бақтыгереев, С.Келінберлин, Ж.Бисалиев, К.Нұрымгереева, Ғ.Жұмбергенов, т.б. ел ішіндегі қазыналы қарттар халық арасындағы тәрбие жұмысына шын пейілмен кірісті.

2001 жылы Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығы мен Ойыл ауданының 80 жылдығын лайықты атап өту мақсатында «Қос мереке» қоры құрылды. Осы той аясында жан-жақта жүрген ойылдық іскер азаматтар, кәсіпкерлер жұмылдырылып, ауылды көтеру, күйзелген шаруаны түзеу бағытында біраз жұмыс жасалды. Көкжар жәрмеңкесінен қалған көне ғимараттар қалпына келтірілді. Аудан орталығындағы қазақ орта мектебі мен екі қатарлы балабақша ғимараты жөнделді. Ауданның өткені мен бүгініне арналған «Түлеген Ойыл өңірі» атты кітап жарыққа шықты.

Аудан әкімі қызметін 6 жыл абыроймен атқарып, 2003 жылдың сәуір айында Ойылдың кәсіптік-техникалық лицейіне қайта оралды. Осы қызметте жүріп, 2008 жылы еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау ісіне сіңірген еңбегі үшін «Ақтөбе облысының жыл адамы» атанды.

Оқу орны 2009 жылы өңірге ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын Ойыл аграрлық колледжіне айналды. Материалдық-техникалық базасы, озық технологияларды енгізуі жағынан колледж — аймақтағы мақтаулы оқу орнының бірі. Сондай-ақ колледж ұжымы қайырымдылық бағытта да көптеген істерге ұйытқы болып келеді.

«Туған жерге туыңды тік!» дегендей, саналы ғұмырын туған жерді көркейту жолындағы тынымсыз еңбекке арнаған Ғазиз Займолдин бүгінде 80 жасқа толып отыр. Ол зайыбы Екатеринамен бірге отбасында ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, немере-шөберелер сүйді. Балалары да ата-ана жолын қуып, бүгінде әр салада абыройлы қызмет етіп жүр. Бұл әулет 2021 жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында жеңімпаз атанып, облысымыздың мақтанышына айналды.

Туған жердің жанашыры боп ғұмыр кешу — үлкен бақыт. Сол бақыт маңдайына жазылған Ғазиз аға мен оның ұрпақтары әлі де ел алғысына бөлене береді деген сенімдеміз.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Related Articles

Back to top button