ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпСұхбат
СЫН САҒАТТА ХАЛҚЫНА СҮЙЕУ БОЛҒАН СҮЙЕСІН!
Соғыс жылдарындағы және одан кейінгі ҚАРАОЙдың өмірі Сүйесіннің нағыз сыналған шағы. Сол уақытта еңкейсе де, еңсесі түспеген қарияны, қабырғасы қатпаған баланы да еңбекке араластырып, жұртты бір мақсатқа жұмылдырды. Күнкөрісі малға қараған ауылды өркендетуге өзінің ұйымдастырушылық пен қиыннан қиыстырып шешім қабылдау шеберлігімен үлес қосқан Сүйесін ақсақалдың өмір жолы нағыз еңбек майталманының өнеге мектебі. Талай таңды ат үстінде атырып, дамыл таппай маңдай терін сыпырып жүріп, қыруар іс тындырды...
Сүйесін Тілеумағанбетов 1894 жылы қазіргі Атырау жерінде, Қызылқоға ауданының Тайсойған өңіріндегі Сорқуыс деген жерде дүниеге келген. Заман ағымына қарай бел немере тумасы Халел Досмұханбетұлы, басқа да ағайындары бар, Ойыл жағына, нақты айтсақ, Жекенді бойына — Шилісайға қарай қоныс аударған.
Бір ұядағы Сүйесін, Демеу, Еңсеген және Мәнет — үш ұл, бір қыз, сүйенісіп ержетеді. Сүйесін үйдің үлкені болғандықтан, шаруаға ерте араласады. Ол Алашорданың Ойыл уәлаятын құрушы қазақ зиялыларының бірі Халел Досмұханбетұлының қолдауымен Алашорда әскерлеріне Көкжар жәрмеңкесінен азық-түлік, киім-кешек, мал, қару-жарақ, көлік дайындап, база, үй салып, сол жерге қоныстанған. Орындары әлі күнге дейін жатыр. Ол жер Сүйесін отары деген атпен тарихта қалып, ұрпақтары ескерткіш белгі қойды. Тілеумағанбет атамыз бен Ақсұлу әжеміздің де белгісі жаңартылды.
Кеңес үкіметі орнағаннан кейін Сүйесін ақсақал қолындағы малды халыққа он бес-жиырмадан үлестіріп, «өлтірмейсің, сатпайсың, жемейсің, өсіресің» — деп бақтырып, кейін колхоз болғанда қайтадан жинап алған. Үкімет халықтан ет, май, жүн, жұмыртқа, сүйек, тағы басқаларын қабылдатқанда Сүйесінді Қараойға дайындаушы етіп жіберген.
Сол жерде «Қоныстану» деген колхоз құрылып, сонда басқарма болып қызмет жасаған. Қоныстану — Қараой колхозы, Қызылқорған ауылдық кеңесі болып іріленді. Сол кезде жеті жылдық мектеп салынды, ол кеңшар құрылғанда тұрғын үй ретінде пайдаланылды. Мұғалімдерге үй берілді. Үлкен клуб үйі бой көтерді, ауыл дәрігері тұрғынжаймен қамтамасыз етілді.
Көшенің қарсы бетінен үш бөлмелі кеңсе, басқарма, партком, бухгалтерге арнап салынған үйлер бой көтерді. Үлкен астық сарайы, трактор-машина оңдайтын гараж, көрік басатын ғимарат, монша — мұның барлығы сол кездің жүзеге асқан шаруалары еді.
Көзі тірісінде Құбай деген ағамыз: «Бала, сенің әкеңнің осы елге жасаған жақсылығы аз емес, ертең соны айтатын да адам қалмайды» деп біраз әңгіме айтқан деп еске алады баласы Қаршыға.
«Сол бір ескі жылдарда Жақсыбай бойына Әсия шешеміз бастаған әйелдерге қой саудырып, сүт өнімдерін жасатыпты, Балсекерге тауық бақтырып, жұмыртқа жинатқан. Құлақшиде сиыр саудырып, одан алынған майды Ойылдан агенттер алып кетіп отырған» — дейді.
Ал, «Ойыл» энциклопедиясында «Жас кезінде інісі Демеумен бірге Жагор деген орыста жалданып жұмыс жасаған. Кейіннен Көкжар жәрмеңкесінде мал қабылдаған. Оны Ащысай бойында (Демеу мен Еңсеген) бағып, етке өткізіп отырған. 1940-42 жылдары Қараой селолық тұтынушылар одағының жетекшісі. Одан кейін 13 жыл бойы Ленин атындағы ұжымшардың басқармасы қызметінде үздіксіз жүмыс істеп, мал өсіру мен егіншілікте елеулі көрсеткіштерге жетті. Осы жылдары ұжымшарда мемлекетке өткізілген әр қойдың тірілей салмағы 100-120 кг дейін жетті. Соғыс жылдарында ауылда панасыз, жетім балаларды тегін жатақханамен, тамақпен қамтамасыз еткен. Ұжымшар мал түліктері жөніндегі республикалық көрмелерде бірнеше дүркін сыйлықтар алды. Тілеумағамбетов Сүйесін еңбегі жоғары бағаланып, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі», Ленин ордендерімен марапатталды» — деген деректер келтірген.
Осындай құрметке ие ақсақал 1955 жылы 25 ақпанда Ойыл ауруханасында қайтыс болғанда, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ідіріс Ерғалиев, прокурор Тілеген Шарагөзов бастаған азаматтар қарлы боранда трактор шанамен ауылға апарып, Сырлыбай қорымына жерлеген.
Сүйесін басқарған колхозда қатар жұмыс істеген Балай Өксікбаев, Ленин орденді малшы Мұқан Қодаров, тары өсіруші Есқайыр Шалқарбаев, ұста Аққали Айжарықов сынды әрқайсысы өзгеше бөлек тағдыр иелері бүгінде арамызда болмаса да, олардың жақсы есімдері ел ішінде айтылып отырады. Ел тірлігіне белсене араласып, халықты жақсы істерге ұйымдастырып, өз заманында алдыңғы қатарда Сүйесін ақсақалды ұрпақтары мақтан тұтады.
Сәрсенбай АМАНҒОСОВ,
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.