ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпСұхбатЭкономика
«БІР АУЫЛ. БІР ӨНІМ»
Бұл – әлеуметтік жоба. Республика бойынша ұлттық экономикалық жобаға өткен жылы 4 өңір таңдап алынған болатын. Жоба аясында елді мекенде жұмыссыз отырған қыз-келіншектер түрлі бұйымдар жасап, бір ауылдың атымен бренд ретінде жасап шығармақ. Тауарлар ел ішіне және шетелдерге экспортқа да шығарылады. Әрі табыс көзі болады. Өткен жылы сәтті жүзеге асқаннан кейін биылдан бастап бұл жоба еліміздің барлық өңірінде қолға алынды.
«Бір ауыл — бір өнім» жобасы алғаш Жапонияда ойлап табылған. Өңірлерді дамыту мақсатында әзірленген жоба халықтың әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосты. Жоба аясында белгілі бір аймақтың еркшелігін көрсететін бірегей, сапалы өнім өндіруге болатын саланы табу, зерттеу көзделген.
Сонымен қатар, жергілікті ресурстардан сапалы өнім өндіруді, бизнесті басқару, маркетинг пен өнімді өткізу мүмкіндіктерін кеңейту, жергілікті және халықаралық нарықтарда өнімді тарату, жергілікті брендтер шығару және өнімнің құндылығын арттыру тұрғысынан өндірушілердің дағдыларын дамытуға бағытталған.
Енді еліміздің барлық өңіріне қанат жайған жобаның жай-жапсарын түсіндіру үшін осы аптада Ойылға «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының жанынан құрылған топ мүшесі облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, тәлімгер Күлпаршын Айдарханова мен палата жанындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының менеджер-кеңесшісі Данат Сәрсенов келіп, аудандағы кәсіпкер келіншектермен кездесті.
Аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов аудан кәсіпкерлерінің бүгінгі тынысымен таныстырса, Күлпаршын Алпысбайқызы жобаның мақсатын түсіндіріп, кеңес берді. Кәсіпкерлермен емен-жарқын әңгіме құрып, сауалдарына жауап берді.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы өңірдегі бірегей өнімдерді іздеуге, жергілікті тауарлар мен өнімдерді өндіруді дамытуға ынталандыруға, сонымен қатар тек жергілікті шикізатты пайдаланатын өндірушілерді біріктіруге негізделген. Негізі – ынтымақтастық, оның тұжырымдамасын әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы алға ілгерілетеді.
Жергілікті атқарушы органдардың көмегімен ауылда кооперативтік жүйе құрып, сол арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттырып, жергілікті өнімді өткізуге көмектесіп, ауылды жұмыспен қамтамасыз ететінімізге сенімдімін. Бұл қазір ерекше өзекті. Сондай-ақ, өңірде «Ауыл аманаты» аясында несиелеу белсенді жүргізіліп жатыр. Оның бизнес-жобалары «Бір ауыл – бір жоба» қатысушыларымен ынтымақтаса алады», – деді Күлпаршын Айдарханова.
Күлпаршын Алпысбайқызы ауданға сапары барысында ауыл өнімдерінің көрмесімен және «Жылыжай» кешенінің жұмысымен танысты.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.