ӘлеуметБасты тақырып
Мерекелік жәрмеңкенің мақсаты — Табиғи өнім мен қолжетімді баға
Тамыз айында қайта жаңғырған сенбілік жәрмеңке бұл жолы мерекелік шарамен ұштасты. Жәрмеңкеге негізінен тұтынушылардың қазіргі сұранысына ие өнімдер шығарылды.
Ауылдан делдалсыз тікелей келген өнімдердің бағасына ойылдықтар өз ризашылықтарын білдірді. Дәстүрлі жәрмеңкеге халық та көптеп жиналды. Көкжар сауда қатарларының сөресіне жылқы еті 2000 теңге, сиыр еті 1900 теңге болса, қой еті 1800 теңгеден қойылды. Сондай-ақ, жәрмеңкеде көкөніс өнімдері де қолжетімді бағамен ұсынылды. Бұл өз кезегінде аудандағы тауар өндірушілердің өнімін өткізудің тиімді тәсілі болса, бағасы тұрғындардың да көңілінен шығып отыр. Табиғи таза, бағасы қалтаға қонымды тауарларға сұраныстың көп болатыны да түсінікті. Халықты негізгі әлеуметтік маңызды тауарлармен қамту және бағаны тұрақтандыру мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңке осылайша мерекеде жұртшылыққа жақсы көңіл-күй сыйлады. Мал азығының жәрмеңкесі де орталыққа шығарылды. Мұнда әкелінген 2250 тюк те тез иесін тапты. Ал, «Даңқ» саябағының алдындағы сахнада әсем ән әуелесе, жәрмеңкеге келгендерге Ойыл селолық округі ыстық шәй мен қуырдақ ұсынды.