Әлеумет
Мекемелер көже асты
Сол күні аудан әкімі соңғы кезде көрісу дәстүрі ерекше сипат алып келе жатқан еліміздің Батыс өңіріне ғана тән салтпен Көрісу күніне орай мекемелерде өткізіліп жатқан шараларға куә болды. Алдымен аудандағы іргелі оқу орны Ойыл аграрлық колледжіне барған әкім ұжымның еңбек ардагерлеріне сәлем беріп, көрісті. Ардагерлер аудан басшыларының жұмыстарына жеміс тілесе, аудан әкімі бүгінгі буынға осындай дәстүрдің қаймағын бұзбай жеткізген ақсақалдарға алғысын айтты. Ал, колледж ұжымы көше бойына киіз үй тігіп, өз студенттері мен өткен-кеткендерге көже ұсынды.
Ойыл аудандық орталық аурухана да биыл жыл сайынғы дәстүрінен жаңылған жоқ. Аулаға ақ шаңқан киіз үй тігіп, емделушілер мен келгендердің бәрін көжеден дәм татуға шақырды. Аяқ астынан бұзылған ауа-райының қолайсыздығына қарамастан арнайы мерекелік бағдарлама дайындады. Мұнда да арнайы ат басын бұрған аудан басшылары еңбек ұжымының ардагерлерімен көрісіп, мерекелік игіліктердің куәсі болды.
Ал, қашанда мерекелік шаралардан тыс қалмайтын аудандық орталық кітапхана ұжымы әсіресе еңбек ардагерлерімен тығыз байланысады. Олар да сол күні арнайы көже асып, өздерінің белсенді оқырмандары мен еңбек ардагерлеріне дастархан жайды. Сондай салтанаты жарасқан сәттің үстінен түскен аудан басшысы мұнда да біраз ақсақалмен көрісіп қалды. Бір-біріне ізгі лебізін жолдап, ақ тілектерін жаудырған дастарханның басындағы әңгімені мәдениет ардагері Амангелді Жұманов қоңыр домбырамен халық әнін әуелетіп қыздырды.