ӘлеуметСпорт
Мерекелік жәрмеңке – мерейлі істің межесі
16 желтоқсан күні Ойыл селосындағы «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы саябақта» жыл бойғы мерейлі істердің межесі іспетті мерекелік жәрмеңке өтті. Рас, желтоқсанның ызғарлы желі мерекелік жәрмеңкенің межелі уақытта басталуын кешеуілдетті. Жұртшылықты алдымен Ойыл селолық округінің әкімі Сәндібек Дәулетқалиев құттықтады.
Бір мезгіл жәрмеңке алаңына айналған саябақтан ескен әуен жұртшылықты шақырғандай болса, ақшаңқан киіз үйден шыққан ыссы бауырсақтың иісі де маңдасқан адамды еріксіз баурады. Бұл жерде Ойылдағы «Асанәлі», «Балдырған», «Жолшы» балабақшаларының ұжымын ерекше айта кету керек. Таңалакеуімнен палауын басып, бауырсағын пісіріп, мерекелік жәрмеңкеге келгендерге ыстық шәйін ұсынды. Әр бейсенбі сайын ойылдық тұтынушыларына шұжықтарын әкелетін қобдалық кәсіпкер де бүгін сол алаңнан табылды. Жеке кәсіпкер Талғат Қазиев көздің жауын алатын көкөністерін мереке алаңына әкелсе, кәсіпкер Ерсайын Дербісовтің кәуәбінің иісі де мұрыныңды жарып барады. Ал, Бауыржан Мұқамбетқалиев Астраханның алып сазандарын алып келсе, Ырысты жеңгеміз тары-талқанын ұсынды. Екпеталдан әкелінген сойылып, үйітілген семіз қаздың еті де жәрмеңкенің сөресінен табылса, Любовь Луцеваның тұздалған көкөністері мен тосаптары алыстан көз тартады.
Саябақтың ортасында мерекенің көрігін спортшылар қыздырды. Гір тастарын көтеруде Нұрасқан Сәрсенғалиевке тең келер адам болмаса, қол күресте Асланбек Гильмадинов қарсылық шақ келтірмеді. Ал, арқан тартыста Көкжар командасы қарсыластарының бәрін мәре сызығынан сүйреп өтсе, олармен тірескен Ойыл селолық округінің жігіттері екінші орынға ие болды. Бұл жарыста мәдениет үйінің жігіттері де қалыс қалған жоқ. Жүлделі үшінші орынға қол жеткізді. Жарыстың көрігі автокөлік сүйреу болды. Уаз көлігін межелі жерге 22 секундта жеткізген Ерсайын Дербісовтен озатын адам болмады.
Мерекелік шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.